Осындай аласапыран жағдайда Білім және ғылым министрлігі қашықтан білім алудың балама жолы ретінде ұсынған ресурстардың қатарында Daryn.online платформасы да болды. Карантинге дейін 20 мың адам қолданып жүрген ресурсқа бір ай шамасында 2,5 миллион оқушы тіркелді. Неге бұлай болды? Платформаның оқушыларға берер пайдасы қандай? Қазір орта білім беру саласына қандай үлес қосып жатыр? Daryn.online-ға иелік етуші Bugin Holding ұйымының басшысы Айбек Қуатбаймен осы және басқа сұрақтар төңірегінде әңгімелестік.

— Айбек, міне, мен ата-анамын. Мектепте оқитын балам бар. Мен сияқты адамға Daryn.online не береді?

— Daryn.online карантинге дейін видеосабақтар ұсынатын, мектеп бағдарламасын өз бетімен игеруге арналған қосымша орта білім беру платформасы болды. Қосымша деген сөзге мән беруіңізді өтінемін. Кей адам «мектепке бармай-ақ, Daryn.online-мен оқып, аттестат алуға болады» деп шатасып жатады. Олай емес. Біз басқа білім ұйымдарына, репетитор орталықтарына, жеке сабақ беретін мамандарға баламамыз, яғни мектепке теңесетін немесе оған бәсекелес болатын жер емеспіз. Себебі бала белгілі бір әлеуметтік ортада өмір сүруі керек, басқа жасы үлкен-кіші адамдармен араласып үйренуге тиіс, достары болуы қажет. Мұны Daryn.online бере алмайды.

Ал карантин басталған соң мемлекет мектеп оқушыларына қашықтан білім берудің түрлі жолын қарастыра бастады. Сол кезде біз Білім және ғылым министрлігіне платформадағы бүкіл ақылы сабақты тегін береміз деген ұсыныс айттық. Олар Daryn.online-ның мемлекеттік стандарттарға сай келетін-келмейтінін тексеріп көрді де, оң шешім шығарды — бірден оқушыларға ұсынылатын ресурстардың қатарына қосты. Халыққа осылай танылдық, бірақ, 2,5 миллион адам тіркеледі деп ойламадық.

— Мысал ретінде үшінші класта оқитын қызымды алайын. Ол Balapan телеарнасынан өз класына сай келетін бағдарлама бойынша қысқа сабақ қарайды. Мұғалімі класс жұмысы мен үй тапсырмасын мессенджермен жібереді. Біз соны үйде отырып орындаймыз. Білуімше, біраз жерде балалар осылай оқып жатыр. Ал Daryn.online бұл процеске қалай қатысады? Мұнда да қосымша құрал ма, әлде міндеттелген бе?

— Министрлік міндетті түрде Balapan телеарнасын көр немесе міндетті түрде Daryn.online-ды пайдалан деген бұйрық берген жоқ. Мұның бәрі — оқушының қашықтан білім алуына арналған бір-біріне балама құралдар. Бұл дұрыс қадам деп білемін. Үкімет бала қалаған әдісті қолдансын деп отыр. Balapan ұнай ма, қарай ғой. Ол жерден тақырыпты түсінбей қалдың ба, онда Daryn.online-ға кіріп, оқып ал. Тіпті болмаса, мұғалімнен сұра. Өзің біл. Бұл құралдар тегін болғандықтан министрлік барлығын пайдаланыңыз дейді. «Барлық» дегенде алуан түрлі 15 сайт жоқ, айналдырған бірнеше платформа ғана бекітілген. Бірі — Kundelik.kz, бірақ ол контент ұсынбайды, тек LMS (Learning Management System) қолданады, яғни оқушы мен мұғалімді байланыстырып, баға қойып, үлгерім қарауға мүмкіндік береді. Екіншісі — Bilimland.kz деген жоба. Ол да — біз сияқты ресурсы, тәжірибесі, дайындығы бар, нарықта ұзақ уақыт қызмет атқарып келе жатқан компания. Үшіншісі — Daryn.online.

Ұл-қызыңыз Balapan-ды ғана көретін болса, мұғалім оның сабақ қараған-қарамағанын сіздің және балаңыздың сөзіне қарап қана біле алады. Ал біздің платформада мұғалім қай оқушының қашан кіргенін, орташа қанша уақыт отырғанын, қанша сабақ қарағанын, қандай тест орындағанын және қанша ұпай жинағанын көре алады, яғни мұғалімнің жұмысы едәуір жеңілдейді.

Сондықтан платформаны мектеп ата-анаға ұсынып жатады. Телеарнадағы сабақты көріңіздер, бірақ Daryn.online-ға кіріп, ең болмаса, тест тапсырып тұрыңыздар дейді. Осылайша қазір оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланыс құралына айналып кеттік.

— Қолданушылар саны 20 мыңнан 2,5 миллионға дейін күрт артуына сайтты Білім және ғылым министрлігінің оқушыларға ұсынуы себеп болды ма?

— Білім және ғылым министрлігі басқа платформаларды да ұсынды. Біз — тек соның біріміз. Дегенмен Daryn.online сияқты 2,5 миллион көрсеткішке ешкім жете алған жоқ. Бірінші себебі — әр аймақта өкілдеріміз, серіктестеріміз бар. Олардың әрқайсысы білім басқармаларымен, мұғалімдермен жұмыс істеді, түрлі байқау ұйымдастырды. Екінші себеп  — ата-ана, оқушылар, мұғалімдер бір-біріне айтып, біз туралы ақпарат халық арасында кең тарап кетті. Үшінші себеп — министрліктің оны ұсынылған ресурстардың бірі ретінде бұйрыққа қосуы. Құжатта «міндетті түрде Daryn.online-ды пайдаланыңыздар» деген сөз жоқ, бірақ министрліктен шыққан ұсыныс мұғалімге бұйрық болып жетеді. Сондықтан көп мұғалім оқушыларға тіркеліңдер деп тапсырма беріпті. Мұндай жағдай, әсіресе Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында байқалды. Шынымды айтсам, бұған қуана қойған жоқпыз. Себебі кей оқушы бізді «бәле болды, осы платформа не үшін келді» деп жек көріп те қалуы мүмкін.

«Қазақстанда 3,5 миллион оқушы бар. Оның 75%-і қазақ тілінде білім алады. Соның шамамен 2,1 миллионы ғана интернетке қосылған. Таза қазақ тілінде білім берсеңдер, қалған 400 мың оқушы қайдан келіп отыр?» деген пікірлер де бар. Бұл — өзбек, ұйғыр, орыс мектептерінде оқитын балалар. Өзбек, ұйғыр мектептері оқушылары негізінен Алматы облысының Ұйғыр ауданы мен Түркістан облысының Сайрам ауданынан келді, оларға қазақ тілінде оқыған тиімді, ыңғайлы болды. Сонымен бірге қазақ және ағылшын тілдері үшін тіркелген орысша оқитын балалар да бар.

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддердің орыс мектебінде оқитын бірнеше оқушы Daryn.online-да Қазақстан тарихы, география, биология сабақтарын өткен. Бұл платформамыздың қазақ тілінің дамуына қосып жатқан үлесі деп есептеймін.

— Daryn.online басқа қосымша білім беру платформаларынан несімен ерекшеленеді?

— Біздің платформа әу бастан нарыққа бейімделген және бизнес моделі бар жоба болғандықтан оқушыларға геймификация ұсынады, оқушылар сабақ оқып, бір-бірімен жарыса алады, әр тапсырған тесті, көрген видеосы үшін ұпай жинайды. Ол ұпайды «дарын» деп атаймыз. Қазір, мысалы, Ақтауда 15 мың дарын жинаған оқушы бар. 11-класта оқиды, биыл бітіреді. 15 мың дарын — 15 мың теңге деген сөз. Осынша ұпай жинау үшін ол 7-8-кластың химия-биология сабақтарын бір ай ішінде қайталап өтіп шыққан. Дарын ұпайы не береді? Карантин біткен соң тегін оқу аяқталып, сабақтар қайтадан ақылы болады. Бір сабақ айына 2 000 теңге тұрады. Сол кезде осы дарынды бонус ретінде жұмсауға болады. Жаңағы айтқан 15 мың теңгеге шамамен 2 айға төрт сабақ алуға болады. Басқа платформаларда мұндай геймификация үлгіcі жоқ. Бұл әдіс оқушылардың жарысуына жақсы. Рейтингтен өз мектебіңдегі, қалаңдағы оқушыларды көріп отыруға болады. Себебі сайтқа барлық мектеп енгізілген, оқушы тіркелген кезде қай жерде оқитынын көрсете алады.

Республика деңгейінде ең көп ұпай жинаған 10 оқушыға жазғы лагерьге жолдама, мақтау қағазы секілді түрлі сыйлық береміз. Айтпақшы, бұл сыйлықтар үшін қазір де бақ сынауға болады. Сабақты тегін беріп отырсақ та, оқу қызық болсын, білімді азамат атану трендке айналсын деп, жүлделерді қалдырдық.

— Қазір Daryn.online-да тек мектеп бағдарламасы бар ма? Әлде мектеп бағдарламасында қарастырылмаған қосымша курс алуға да бола ма?

— Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі бекіткен екі пән, өкінішке қарай, әлемдік стандарттарға ілесе алмай, оқушыларға пайда бермей отыр. Оның бірі — ағылшын тілі. Қазақтар — дүниежүзінде ағылшын тілін ең көп оқитын ұлттардың бірі. 1-кластан бастап 4-курсты бітіргенше оқиды, бірақ бәрібір ағылшынша білмей кетеді. Себебі стандарт дұрыс емес. Екінші пән — информатика. IT сағат сайын дамып, өзгеріп жатқанына қарамастан біздегі информатика бағдарламасы 3-4 жылда бір-ақ рет жаңарады. Ал бұл — жыл, тіпті ай сайын қарастырып, өзгертіп отыруды қажет ететін пән. Ана жақта Илон Маск Марсқа ұшуды ойлап жатса, қазақтар 15 жыл бұрын қолданылған Turbo Pascal-ды қызық па, қызық емес пе деп дүниежүзіндегі дамуға қарамай, оқыта береді. Сол себепті осы екі сабақты және оқушыға қызық болсын деп әрі олардың дүниетанымын кеңейту үшін астрономияны өз бетімізше дайындап, ұсындық. Ал басқа сабақтар мемлекеттік стандартқа, кәдімгі мектеп бағдарламасына сай жасалған.

2,5 миллион қолданушымыздың арасында өнер, спорт салаларына қызығатындар бар. Соларға арнап гитара немесе домбыра үйрену, вокал сабақтарын, дзюдо мен каратенің онлайн сабақтарын қосуды қарастырып жатырмыз.

Бұл аудитория оқушы болып қалып қоймайды, күні ертең колледжге, университетке түседі, ары қарай дамиды. Біз де аудиторияға ілесіп, дамып отырамыз.

— Daryn.online видеоларына қатысатын, сабақ өткізетін, түсіндіретін мұғалімдерді қалай таңдайсыздар? Олармен жұмыс қалай жүреді?

— Бірінші талабымыз — мұғалімнің жасы. Бір жыл жұмыстың нәтижесінде оқушылардың 50-ден асқан мұғалімдерді қабылдай бермейтінін анықтадық. Әрі жасы үлкен оқытушылардың жұмсайтын, ұрсатын кезі болып жатады. Сол үшін 22 мен 50 жас арасындағы мұғалімдермен жұмыс істейміз. Әрине, бұдан бөлек те талаптарымыз бар. Үміткер мұғалімдермен әңгімелесеміз, сынап көреміз.

Мұғалімдерге қоятын тағы бір шартымыз бар: бізде бір тақырып 5 минуттан аспайды. Одан ұзақ болса, сабақ қызықсыз болып кетеді. «5 минуттан артық жүргізбейсіз» деп бірден стандарт етіп алғанбыз.

Содан соң қанша мықты оқытушы болса да, кей адам камера алдында қысылып, сөйлей алмай қалады, дикциясы, эмоциясы, дауыс ырғағы өзгеріп, харизмасы жетпей қалады. Бұл жағдайда да басқа маман іздейміз. Мынадай да болады: еңбек жолын енді бастаған, тәжірибесі аз, жас мұғалімдер камераның алдына келгенде құлпырып, қанаттанып, сабақты тамаша өткізіп шығады.

Болашақта мұғалімдерді оқушылардың өзі бағалайды, нарық өзі анықтайды. Мұндай жүйе қазір де бар: әр сабақтан кейін бес жұлдызбен бағалау рейтингі шығады, оқушы сол бойынша оқытушыға бағасын береді. Рейтинг екі жұлдыздан төмен түсіп кетсе, онда мұғаліммен келісімшартты бұзамыз. Екі мен үш жұлдыздың арасында болса, қай видеоны төмен бағалап жатыр деп анықтап, қайта түсіріп шығамыз. Жалпы, мұғалімді жиі ауыстыра беруге қарсымыз. Математикадан 40 сабақтың 33-ін Димаш ағай беріп келіп, одан кейін Айбек ағай болып өзгеріп кетпейді. Олай жасамауға тырысамыз, себебі бұл оқушының психологиясына әсер етеді.

10 күн ішінде мұғалімдерге қойылған рейтингтің орташа бағасы 4,4 болып тұр. Демек, оқушыларға ұнайтын, ыңғайлы, түсінікті контент ұсынып отырмыз. Карантин біткен соң рейтингті көреміз. Қай жерде бағамыз төмен, қай сабақ нашар бағаланып жатыр, соны анықтап, шаралар қабылдаймыз.

— Сіздердікі жеке жоба ғой. Ертеңгі күні адам жинап алып, бағаны көтеріп жібермейсіздер ме?

— Сұрағыңызға жауап ретінде екі аргумент айта аламын. Біріншісі — баға көтеріліп, монополия пайда болмауы үшін нарықта бізбен қатар бірнеше жоба қатар дамығаны және оларды Үкімет ашық қолдағаны дұрыс. Себебі бәсеке қалыптасады, сапа артады, демпинг туады, яғни баға өспейді. Бір ұйым жеке билеп-төстеп кетпейді. Түрлі платформа бір-бірімен ашық және әділ бәсекелесуі керек.

Екінші аргумент — министрлік қосымша білім беру орындарын және біз сияқты онлайн білім беретін ресурстарды лицензиямен реттегені дұрыс. Осыған байланысты заң жобалары немесе норматив актілер қолға алынуы керек. Кез келген адам қалаған онлайн мектебін құрып, өз білгенімен орталық аша берсе, сапа құлдырайды, білімнен басқа тәрбие деген ұғым да бір шетте қалып қояды.

Бағаға келсек, қазір карантин кезінде тегін білім беріп отырғанымызбен қалыпты уақытта бір айға бір сабақ үшін 2 мың теңге аламыз. Бұл соманы көтеру ойымызда жоқ, бірақ орташа чекті өсіру үшін көбірек контент беруге тырысамыз, яғни баға арқылы емес, қолданушыға түрлі ұсыныс жасау арқылы табысты арттырамыз деп отырмыз.

Daryn.online
Daryn.online ұжымы

— Қазір мұғалім Daryn.online-ға кіріп, оқушының сабағын бақылап отырады екен. Бұл функция қала бере ме?

— Жоқ, карантин біткен соң алып тастаймыз. Себебі оқушы мұғалімнен ұялуы, қысылуы мүмкін. Бәлкім, тапсырманы еркін орындағысы келетін шығар. Бұл — қазіргі жағдайға байланысты мұғалім жұмысын жеңілдету үшін қосқан уақытша жобамыз. Мұғалімдер кіріп жүрген Daryn Member қосымшасын карантин біткен соң тазартып, ата-анаға ұсынамыз. Осының арқасында олар бала қанша уақыт сабақ оқығанын, қандай тапсырмаларды орындағанын бақылай алады.

Қазір 143 мың мұғалім тіркелген. Олар Daryn Member арқылы сабақ беретін класын көре алады, сонымен бірге әр класс жетекшісі өз класының үлгерімін бақылайды. Директор мектеп бойынша ақпарат ала алады, бірақ бұл да — уақытша шара.

— Daryn.online идеясы қалай келді? Не себепті онлайн білім беруді таңдаңыздар?

Daryn.online платформасының артында ауылдан шыққан қарапайым ұл-қыздар тұр. Бұл жобаға иелік етуші — Bugin Holding деген IT тапсырыстарын орындайтын компания. Осы ұйым атынан бизнесті әртараптандыру үшін басқа салаларды зерттеп көрдік. Ақыры орта білім саласын таңдадық. Идея 2017 жылы келді. Себепші болған — ҰБТ. Өйткені ауылда тұратын оқушылар осы тестке дайындалу үшін аудан орталығына, ол жерден керегін таппаса, үлкен қалаға, облыс орталығына барып дайындалады. Күнде жолда жүреді немесе пәтер жалдайды я туысқанының үйінде тұрады. Бұған көп ақша кетеді. Ауылдағы табыс деңгейінің қандай екенін бәріміз білеміз. Баланың жүйкесі жұқарады, отбасы қиналады. Басқа да проблемалар жетеді. Мәселен, тәжірибелі, мықты педагогтар аз. Инфрақұрылым нашар.

Ал оқушыны пәлен шақырымға сандалтпай, оған жылы жерде, үйреншікті ортада сапалы білім беру үшін не істеу керек? Ол «гранты да құрысын, тесті де құрысын» деп қолын бір сілтемеуі үшін қайтпек қажет? Бір жолы — Үкімет тарапынан жасалатын реформалар және әр ауылда сапалы білім болуына жағдай жасау. Бұл көп уақыт алады және дәл қазір біздің қолымыздан келмейді. Сондықтан басқа жолдарын қарастырдық. IT компаниясы екенімізді ескердік. Оның үстіне, әр оқушыда 3G не 4G тарифке қосылған бір-бір смартфон бар. Ақыры бағасын тиімді қылып, ҰБТ-ға үйде отырып дайындалу құралын жасайық деп шештік. Дүниежүзіндегі беделді деген 100 шақты платформаның керек жерін алып, оған жанымыздан жергілікті ортаға бейімделген элементтер қосып, Daryn.online-ды әзірледік. Сынақ кезінде қолданып көрген оқушылардың 70%-і жақсы пікір білдірді, ұнатты.

Қазіргі Z ұрпағына білім алудың басқа жолдарын қарастыруды заңнаманы өзгертуден емес, платформа ашудан осылай бастадық. Ата-анаға «Баланың оқу үлгерімін жақсартқыңыз келсе, қолынан жетектеп, қаланың ана басынан мына басына репетитор іздеп жүрудің қажеті жоқ, сабақты үйде отырып оқыңыздар» деген ұсыныс айттық.

Онлайн платформаның қосымша білім беретін орталықтарға қарағанда өз артықшылығы бар. Жолға уақыт құртпайсыз. Баға жағынан бірнеше есе тиімді. Ең мықты деген мұғалімдер видеоға түсіп, сабақ өткізеді. Кері байланыс жақсы ойластырылған.

Қолдану да қиын емес, мәселен, Daryn.online-да тіркелуден «Сабақтар» деген бөлімге дейін ары кетсе, төрт клик жасайсыз.

Мобайл қолданбасы да бар. Қазір оны 1,2 миллион адам жүктеді. Алдағы уақытта бір үйдегі бірнеше оқушы бір құрылғыны пайдалана алатындай етіп, мультиаккаунт пайдалану мүмкіндігін қосамыз.

Басында жоба туралы келіп түскен пікірдің 80%-і оң, 20%-і теріс еді. Ұнатпаған қолданушылармен жұмыс жүргіздік, қандай қолайсыздықтар болғанын анықтадық. Қазір оң пікірді 93%-ке дейін арттырдық.

— Қазақстанда онлайн білім беру қай бағытта дамиды деп ойлайсыз?

Онлайн білім мемлекет жете көңіл бөлмеген, қолға алмаған жаққа қарай дами береді. Қазір мемлекеттің қарауындағы бағыттар — мектепке дейінгі, орта және жоғары білім. Билік осы үшеуіне күш салып, тоқыратпай, жолға қойса, онлайн білім міндетті оқуға қатысы жоқ бағыттарда дамиды. Ол қосымша мамандықтар, адамды тұлға немесе профессионал ретінде дамытатын қосымша білім болуы мүмкін.

Қазақстан білім беруі нашар болғандықтан үшінші деңгейлі ел санатына кіріп отыр. Бізбен қатар мемлекеттердің бәрінде білім төмен. Ғылымға көңіл бөлінбейді, басымдық берілмейді. Осы жағдай өзгерсе, біз де керек болмай қалуымыз мүмкін, себебі халық керек білімді мектептен, жоғарғы оқу орындарынан алады, қосымша іздену қажет болмай қалады.

Қазақстан заңдарында онлайн білім беру реттелмеген. Ондай түсінік тіпті министрліктің жарғысында да жоқ. Тек жоғары оқу орындарына қатысты қашықтан білім беру деген бар. Дегенмен министрліктің жоспарында онлайн білімді, қашықтан білім алуды заң арқылы реттеу қарастырылған.

Жалпы, біз сияқты платформалар үш түрлі бағытта қызмет етуі мүмкін. Қалыпты жағдайда, бейбіт өмір кезінде қосымша онлайн білім беру орталығы ретінде, ал қазіргідей форс-мажор жағдайда, қиын-қыстау кезде балалардың қашықтан оқуына арналған, мемлекет ұсынған құралдардың бірі ретінде.

Үшінші бағыт әзірше Қазақстан заңдарында көрсетілмеген. Ол бойынша мұндай платформалар мемлекеттен лицензия алып, орта білімді онлайн беру арқылы оқушыларға аттестат тапсыра алар еді. Мұның артықшылығы — мектепте 11 жыл оқу міндетті емес, мәселен, бағдарламаны 13 жаста игеріп шығып, аттестат алуды қарастыруға болады немесе оны түрлі себепке байланысты мектептен қалған не шетелде тұратын, бірақ Қазақстан аттестатын алғысы келетін балалар пайдалана алуы мүмкін. Кемшілігі де бар: қоғамнан, әлеуметтік ортадан алыстайсыз. Тұлға ретінде даму мен психология жағынан біршама өзгеріс болады. Ал адаммен араласу, класта оқу, мұғалімнің болуы — білімнен де қымбат дүниелер.