Биыл пітір садақаның мөлшері 370 теңге болып бекітілді. Оның құны республика бойынша есептегенде екі келі ұнның нарықтағы орташа бағасы бойынша шығарылды. Бұл — ең төменгі мөлшері. Материалдық жағдайы бар азаматтарға пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен беруіне де болады.
Пітір садақа мен зекетті Halyk bank, Kaspi bank және Qiwi қолданбаларымен аударуға болады. Қазіргі таңда басқа да банктермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы белгілі бір банкті жарнамаламайды. Алайда мына төтенше жағдайда үйден шықпай садақа берудің осындай оңтайлы жолын таңдады, – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров.
ҚМДБ төрағасы Рамазан айында мұқтаж отбасыларға қалай көмектесуге болатынын айтты.
Ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп берсеңіз де, ауыз аштырғанның сауабын аласыз. Тіпті көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды беріп, қаржылай қолдау көрсетсеңіз де, мол сауапқа кенелесіз, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ өкілдері ораза кезінде туыс, көрші-қолаңға ауызашарға барудан бас тартып, оқшаулануға шақырды. Ораза тұтқандарда коронавирус белгілері пайда болса, не істеу керегі де айтылды.
Төтенше жағдайды ескере келе, мұндай жағдайда егер сенімді дәрігер белгілі бір ағзаның зақымдануы, жаңа аурудың пайда болуы және аурудың асқыну қаупі күшейетініне, сонымен қатар білікті әрі әділетті мұсылман дәрігерінің кеңесімен ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Коронавирусқа қатысты иммунитеттің әлсіреп, симптомдары пайда болса, оразасын тоқтатып, басқа күндері оразасын, қазасын өтеуіне рұқсат етіледі, – деді наиб мүфти Ершат Оңғаров.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, ауыз бекіткендерге антисептик құралдары мен спиртті қолдануға болады.
Олар оразаны бұзбайды. Қазір төтенше жағдайдамыз, сондықтан вирус кезінде денсаулығына зиян келтірмей, қайта оны қорғайтын дүниелерді қолдану қажет, мұны шариғатымыз қолдайды, — деді Бас мүфти.