Мақпал Қопанова, Италия
Италияда карантинге байланысты енгізілген шектеулер әлі алына қоймады. Көшеге бейберекет шығып, қыдыру деген жоқ. Алғашында үйде отыруға балалар түгілі, өзіміз де үйрене алмадық, қазір бәрі жақсы. Енді құрығанда шілдеге дейін ахуал жақсарса екен деп отырмыз. 4 мамырда карантин бітеді деген ақпарат бар, бірақ солай болғанның өзінде Италияның барлық өңірі, барлық қоғамдық орын ашылып кетпейді. Карантиннен шығатын өңірлердің тізімін қарадым, ең әуелі мен тұратын қала карантиннен шығады. Содан кейін басқа өңірлер біртіндеп қалыпты өміріне көшеді.
Адамдар жұмыс істеп, ақша табуы үшін әуелі зауыт-фабрика ашылады деді. Өйткені қазір бәрі үйінде отыр, халықта ақша жоқ, дағдарыс сезіліп жатыр. Негізі жағдайы нашар азаматтарға мемлекет айына 600 еуродан төлеп отыр. Бұл сома аз, тек азық-түлікке жетеді. Ал тұрмысы нашар егде жастағы азаматтарға азық-түлікті тегін жеткізіп береді. Күйеуім қашықтан жұмыс істейді, ал онлайн жұмыс істейтіндерді мемлекет қадағалап отырады.
Алғашында масканы біреуі тағатын, біреу тақпайтын. Қазір бәрі тағады, өйткені бұл — міндет, талап. Маскасыз жүрсеңіз, айыппұл төлейсіз. Карантин біткен соң балалар киімін сататын және кеңсе тауарларын сататын дүкендер ашылады деді, бірақ соның өзінде қазіргі карантин ережелерін: маска тағу, 2 метр арақашықтықты сақтау, кезекке тұруды ескеру керек. Ал сауда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көңіл көтеретін орындар қазір ашылмайды, мұндай орындар шілдеге қарай, ахуал әбден тұрақтағанда ашылуы керек.
Наурызға қарағанда сәуірде коронавирус жұқтырғандар саны көп болмаса да, азайды. Вирустан күн сайын қайтыс болып жатқан адамдар саны да азайып жатқан сияқты. Жазылып жатқандардың да қатары көп. 4 мамырда карантин бітетін шығар деп үміттеніп отырмыз, бірақ жағдай күн сайын өзгереді, сол үшін мұның өзі анық емес.
Сәкен Өтебаев, Германия
Германияда 16 наурыз бен 19 сәуір аралығында алғашқы карантин енгізілді. Маска тағу-тақпау туралы көп тартыс болды, басында тақпайтын болып шешті, себебі ол вирустан қорғамайды, оның үстіне, Еуропа мәдениетіне жат екен.
Ал қазір сауда орындары мен қоғамдық көлікке азаматтар маска тағып кіруге міндетті. 19 сәуірден бастап карантинді 3 мамырға дейін ұзартты. Қазір осы аралықта 800 шаршы метрден аспайтын сауда орындары, кітапханалар жұмыс істейді, бірақ ғимаратта қанша адам жүргені қадағаланады. Егер адам көбейіп кетсе, сыртта кезекке тұрып, 1,5 метр арақашықтықты сақтап, күтуі қажет.
2020 жылы барлық спорт шарасы, концерт болмайды. Германия канцлері Ангела Меркель жақында пандемия енді басталғанын, шарықтау шегі алда екенін мәлімдеді. Сол себепті карантинді ұзартты, осы кезеңдегі ахуалға байланысты жоспар жасайды.
Негізі Германияда карантин болғанымен Италиядағыдай үйде отыруды міндеттеген жоқ, полиция қатаң бақыламады. Халық көшеде еркін жүрді, тек сәл аз болды. Бастысы — ережені сақтау қажет.
Эльмира Әділ, Франция
Өзім тұратын аудандағы, кварталдағы жағдай бойынша айтайын. Мұнда кафе-бар, мейрамхана өте көп. Бұған дейін мұндай орынның бәрі жабық болды, 4-5 күннен бері олардың жұмыс істеп жатқанын байқадым. Әрине, ол жерлерден тамақты үйге алып кетуге ғана болады немесе жеткізу қызметі бар, әйтеуір ашық тұр. Олар қазірдің өзінде жұмыс істеуге рұқсат алған сияқты. Адамдардың қытай, итальян асханаларында тапсырыс беруге кезекке тұрып жатқанын, вино дүкеніне кіріп-шығып жүргенін байқадым. Негізі бұған дейін полиция қатаң бақылады. Көлікті, адамдарды, ғимараттарды тексеретін, қазір мұндай нәрсе байқалмайды, полиция көрінбейді. Көшеде адам көп. Мысалы, сенбі күні түстен кейін балалар сыртта ойнайды, адамдар самокат, велосипед тебеді, спортпен айналысады.
Франция премьер-министрі Эдуард Филипп 11 мамырдан бастап елдегі мектеп, балабақша мен сауда, ойын-сауық орындары жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл ақпарат Қазақстандағы БАҚ-та да жарияланды. Премьер-министрдің айтуынша, мұндай орынның бәрі бірден ашылмайды. Мектеп, балабақша кезең-кезеңімен ашылады, сауда, ойын-сауық орталықтары келушілердің қауіпсіздігіне мән беруі керек. Кафе-мейрамхана, кинотеатрлар, музейлер жабық болады. Университеттерге келсек, өзім жұмыс істейтін Лион II университетінде бәрі 11 мамырға дейін аяқталады. Өйткені қазір оқу жылының соңғы аптасы, емтиханның орнына әртүрлі тапсырма берілді. Сол бойынша балл қойылып, қорытынды баға шығады.
Премьер-министр бұған дейін қашықтан жұмыс істеп келгендер мен солай жұмыс істеуге мүмкіндігі бар адамдар осы режимді сақтай беруі керек екенін айтты. 11 мамырдан кейін қашықтан істей алмайтындар ғана жұмысқа барғаны дұрыс. Сонымен бірге қоғамдық көлікке мінген адамға маска тағуды міндеттегісі келеді, бірақ бұған қатысты әлі ақпарат жоқ.
Әуеліде кафелер, мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары маусымның ортасына дейін жабық болатыны айтылып еді, бірақ Франция билігі бұл шектеуден бас тартып жатыр. Өйткені ел дағдарысқа шыдай алмай жатқан сияқты, жұмыссыз қалған әр адамға ақша төлеу тиімсіз болып тұр. Сондықтан осындай шешім шығарып отыр.
Руслан Меделбек, Чехия
Чехияда коронавирустың таралуы шарықтау шегіне жетіп, енді қайтып жатыр. Бұрындары вирусты күн сайын 300-400 адам жұқтыратын, ал қазір 120-160 адамға дейін азайды. Чехия билігінің азаматтарға қойып отырған басты талабы — маска тағу, бұл әлі маңызын жоғалтпады. Маскасыз жүрген азаматқа айыппұл салынады. Содан кейінгі талаптар — 2 метр арақашықтықты сақтау және бір орынға екі адамнан артық жиналмау. Карантиннің жеңілдетілген шартының бірі — үй маңындағы паркте, қала сыртындағы орманда маскасыз жүгіруге болады немесе сол сияқты велосипед тебуге болады, бірақ сізге жақын жерде ешкім болмауы керек. Көшеге мүлдем шығуға болмайды деген шектеу жоқ. Қоғамдық көлік түгел жүріп тұр.
Карантин кезінде азық-түлік сататын дүкендер жұмыс істеп тұрды, енді 20 сәуірден бастап гүл сататын дүкендер, аңшылық дүкендері, автомобиль салондары, фермерлік базарлар ашылып жатыр. Апта сайын карантин шектеулері біртіндеп алына бастайды. Мысалы, үйлену тойына 10 адамға дейін қонақ шақыруға болады. 27 сәуірде сауда орталығынан бөлек орналасқан ауданы 200 шаршы метрге дейінгі дүкендер жұмысын бастайды. 11 мамырдан бастап 1000 шаршы метрге дейінгі сауда орындары, автомектептер, фитнес залдары ашылады. Бірақ душ пен киінетін орынды қолдануға болмайды. 25 мамырдан бастап кафе-бар террасалары, шаштараздар, сұлулық салондары, музейлер, галереялар мен зообақтар ашылады. 8 маусымнан бастап барлық ойын-сауық орталығы, клубтар, мейрамханалар, қонақүйлер, театрлар, кітап дүкендері, кинотеатрлар — бәрі жұмыс істейді. Бұл кезде 50 адам қатысатын шараларды, той-жиынды өткізуге болады.
Дегенмен билік ахуал қайта ушығып, вирусты күніне жұқтыратын адамдардың саны көбейіп кетсе, бұл нәрселер орындалмайтынын ескертіп, халықтан карантин шартын сақтауды талап етіп отыр. Халық та жағдайды түсініп, тәртіпке бағынып жатыр. Көшеде бейберекет жүрген адам жоқ. Билік өкілдері азаматтарға бір жыл көлемінде өзге мемлекеттерге бармау керек екенін айтты. Баруға болатын және бару қауіпті деген елдердің тізімі жуырда жасалады.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Olga)