Берік Уәлидің хабарлауынша, Президент төтенше жағдай режимімен жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Оған келетін шұғыл әрі сараптамалық ақпарат саны күрт өсті. Жиындар мен кездесулер видеобайланыс арқылы өткізіліп жатыр. Коронавируспен күрес — Мемлекет басшысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе.
Қасым-Жомарт Кемелұлы күн сайын Үкіметтің, Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің, өңір басшыларының есебін тыңдайды. Жақында ғана Президент барлық облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдеріне телефон соғып, шағын және орта бизнесті қолдауға, халықты әлеуметтік қорғауға, көктемгі егіс науқанына және су тасқынына қарсы жұмыстарға байланысты нақты тапсырма берді, — деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Facebook-те.
Оның айтуынша, жуырда төтенше жағдай режимі мен карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім шығарылады. Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы менеджментпен бірге стратегиялық жоспарлауға да мән беріп отыр. Президент бағдарламалар мен тұжырымдамалардың көбін жаңарту қажет екенін айтқан.
Мұнай бағасының бірден құлдырауы экономика мен қаржы секторына реформа жүргізіп, индустрияландыру мен цифрландыруды нақты жүзеге асыру керек екенін көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау және білім салаларын да үлкен өзгеріс күтіп тұр. Мемлекет басшысы жаңа талаптарға жауап беретін стратегиялық шешімдер әзірлеуді тапсырды, — деді Берік Уәли.
Баспасөз хатшысы Президенттің төтенше жағдай кезіндегі сыртқы саясат бойынша жұмысы туралы да хабардар етті.
Бір айдың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Израиль Президенттерімен, БҰҰ және Еуропа одағы басшыларымен, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысымен телефон арқылы сөйлесті. Аталған келіссөздер азаматтарымызды шетелден алып келуге, өзара гуманитарлық қолдауға, үздіксіз көлік қатынастарын қамтамасыз етуге, азық-түлік пен медициналық құрал-жабдық жеткізуге байланысты бірқатар маңызды мәселені шұғыл әрі ешқандай бюрократиялық кедергілерсіз шешуге мүмкіндік берді, — дейді ол.
Берік Уәлидің айтуынша, Президент халықты төтенше жағдай режимі талаптарын сақтауға үндейді. Бұл кезеңде ешкім де мемлекет назарынан тыс қалмайды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша азаматтарды қолдау үшін бюджеттен және Ұлттық қордан қаражат бөлініп жатыр. Мемлекет басшысы айтылған мәселелердің оң шешілуін үнемі бақылап отыр.