Басты бетҚоғамҚызылорда тұрғындарына...

Қызылорда тұрғындарына пандемия туралы ақпарат қалай беріліп жатыр?

Облыста карантин кезінде тұрғындарды жедел ақпараттандыру мақсатында телеарналармен, газеттермен және ақпарат порталдарымен тығыз байланыс орнатылған. Үш республикалық және екі жергілікті телеарна, сегіз республикалық, жеті облыстық негізгі басылымдар мен жергілікті сайттар, жеті аудандық басылым мен олардың сайттары қамтылды.

1 сәуірден бері БАҚ-та барлығы 2804 материал жарияланды. Облыстық kyzylorda-news.kz  сайтынан арнайы COVID-19 медиаблогы және 400-100.kz сайты іске қосылды. Бұнда барлық ресми ақпарат жинақталған. Жергілікті телеарналарда арнайы әзірленген 73 видеоролик көрсетілді, — деді Еркін Әбішев.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде де ақпараттандыру жүйелі жүргізіліп келеді. Басқарма мен өңірлік коммуникациялар қызметі арқылы арнайы сұхбаттар, ақпараттық контенттер, видеоматериалдар, баннерлер, инфографикалар әзірленіп, облыстық басқармалардың, қала және аудан әкімдіктерінің ресми парақшаларында, аймақ тұрғындары көп тіркелген Facebook, Instagram желілерінде жарияланып отыр. Есепті мерзімде әлеуметтік желілерге 3354 материал салынды.

Сонымен қатар өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында 70 брифинг ұйымдастырылды. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыстық QYZYLORDA телеарнасында облыс әкімінің орынбасары және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының  қатысуымен күнделікті сағат 09.30-да және 16.30-да тікелей эфирде брифингтер өткізіліп жатыр.

Азаматтық қоғам белсенділеріне, әлеуметтік желідегі әріптестерімізге және журналистерге алғысымыз шексіз. Себебі олар, карантин режиміндегі шектеулер және қоғамдық қауіпсіздік шаралары туралы тұрғындарға жедел ақпарат беруде бізбен бірге уақытпен санаспай үлкен жұмыс атқарып жатыр. Бұл шараларды бірге, одан әрі жалғастырамыз, — деді Еркін Әбішев.

Карантин режиміне байланысты тұрғындар тарапынан көптеген сұрақ, ұсыныс-пікір түсіп жатыр. Облыс әкімдігі осыған байланысты «400-100» сall-орталығының жұмысын ұйымдастырды. Орталықта 24 сағат бойы түрлі сала маманы кезекшілікпен жұмыс істеп жатыр. Орта есеппен орталыққа тәулігіне 1000-ға жуық сұрақ түседі.

Есепті мерзімде call-орталыққа барлығы 12 331 қоңырау түсті. Оның  86%-і (10 655) әлеуметтік төлемдерге қатысты (42 500 теңге, Nur Otan партиясы арқылы төленетін 50 мың теңге), 6,8%-і (787) бақылау-өткізу бекеттеріне қатысты болса, 7,2%-і (889) — кәсіпкерлік саласы мен өзге де сұрақтар, — деді Еркін Әбішев.

Басқарманың Facebook желісіндегі Naqty Aqparat парақшасы жанынан Whatsapp мессенджері арқылы байланыс телефоны (87051435131) да ұйымдастырылған. Бұл нөмірге 1 сәуірден бастап 994 (әлеуметтік сала — 389, кәсіпкерлік — 344, бақылау-өткізу бекеттеріне қатысты 99, өзге де сұрақтар — 162) сұрақ келіп түсті. Барлығына сала мамандары тиісті жауап берді.

Қосымша ақпарат ретінде қазір апта сайын жекелей тақырыптық бағыттарға басымдық беріп, ақпараттандыру тәжірибесі енгізілді. Мысалы, өткен апта ауыл шаруашылығы саласының аптасы болса, осы апта кәсіпкерлікті қолдау шараларын ақпараттандыруға жоспарланды. Баршаңызды осы бағытта ақпараттық қолдау шараларына үлес қосуға шақырамын, — деді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Әбішев.