Қызылордадағы жеке клиникалардың бірінде қызмет ететін Нұргүл Ерғалиева өңірде коронавирус инфекциясының таралуы салдарынан жарияланған карантин уақытында ақысыз демалысқа жіберілген. Ол әлеуметтік төлем алуға құжат тапсырған. Өтініші мақұлданып, қаржылай көмекке қол жеткізді.
Бір айға жуық уақыттан бері үйдеміз. Әрине, табыссыз қалу оңайға соққан жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған әлеуметтік төлем көп отбасына қолдау болды деп ойлаймын. Мен үш бала тәрбиелеп отырмын. Әлеуметтік төлем бойынша берілген тиісті қаржыны алдым. Еліміз бұл қиындықты еңсеріп шығатынына толық сенемін, — дейді Нұргүл Ерғалиева.
Медицина мекемесінің тағы бір қызметкері Светлана Колесникова да қиын кезеңде қаржылай көмек берген мемлекетке алғыс айтып отыр.
Жұмыста ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болдық. 42 500 теңге жайында естіп, құжат тапсырдым, алдым. Отбасымда күйеуім, қызым, мен — үшеуіміз тұрамыз. Күйеуім — қарапайым жұмысшы. Әлеуметтік төлем біздің отбасы үшін үлкен қолдау болды, — деді Светлана Колесникова.