Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекованың коронавирусты Қазақстанның 13 өңіріндегі медицина қызметкерлері жұқтырған, әсіресе мұндай жағдайлар Алматыда (37%), Нұр-Сұлтанда (34,7%), Солтүстік Қазақстан (34,9%) және Атырау облыстарында (27,1%) көп тіркеліп отыр.
COVID-19 жұқтыруы мүмкін және жұқтырған адамдарды емдеуге жұмылдырылған стационарларда 74 медицина қызметкері ауырып жатыр, оның 20-сы Нұр-Сұлтанда карантин орталығында, 10-ы Қарағандыдағы және Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарындағы провизор стационарларында, 44-і жұқпалы аурулар ауруханасында (Алматыда 28, Нұр-Сұлтанда тоғыз, Атырау облысында төрт, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарында бір-бірден, — деді Людмила Бюрабекова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Инфекция стационарларынан басқа мекемелер мен жедел жәрдем желісінде 51 қызметкер науқастардан коронавирус жұқтырған. Оның 21-і — санитария-эпидемиология қызметінің маманы.
Коронавирус жұқтырғандарды емдеуге жұмылдырылмаған денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері арасында да COVID-19 жағдайлары көп тіркеліп отырғанын айту керек. Бұл контингент — эпидемиологияның пациенттер арасына инфекция тарату көзі болуы мүмкін маңызды буыны. 13 сәуірде COVID-19 жұқтырған науқастарды күту мен емдеуге жұмылдырылмаған медицина қызметкерлерінің 82-сі ауырып қалды. Мұндай жағдайлар Нұр-Сұлтанда (36), Алматыда (33) көп тіркелді. Атырау облысында алты жағдай, Ақмола облысында үш, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Ішкі істер министрлігінің ведомстволық қызметінде бір-бірден тіркелді, — деді Людмила Бюрабекова.
Оның айтуынша, дәрігерлер мен медбикелер арасында коронавирустың таралуына медицина ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен, дезинфекция бұйымдарымен қамтымауы, нысандардың техникалық жағдайының талапқа сай келмеуі, еңбек режимінің бұзылуы және қызметкерлердің өзінің қауіпсіздікті қатаң сақтамауы негізгі себеп болып отыр.