Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Елімізде төтенше жағдай мерзімі сәуір айының аяғына дейін ұзартылды. Сәйкесінше Қызылорда өңірінде де карантин режимі күшейтіліп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта карантин режимімен қатар төтенше жағдай кезеңінен кейінгі өмір сүру деңгейін қайта қалпына келтіру бағытындағы шаралар да қолға алынды:
- бірінші кезекте күнделікті тұрмысқа қажет азық-түлік, дәрі-дәрмек және тағы басқа жарақтармен толығымен қамтамасыз етіледі;
- мұнай-кен өндіру, тұз өндіру, балық, мал және егін шаруашылығы саласындағы мекеме, кәсіпорындар жұмысын тұрақты жүргізіп жатыр;
- денсаулық сақтау саласын үздіксіз медицина құрал-жабдығымен қамтамасыз ету. Оның ішінде, науқастар дерегін анықтау тесттері жеткілікті және жасанды дем беру құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Изоляция орындары толық әзірленген;
- қазіргі уақытқа дейін адам көп жиналатын жалпы ауданы 4 миллион 918 мың квадрат шаршы метр болатын аумақтарға (базар, вокзал, автовокзал және тағы басқалары) дезинфекция жүргізілді;
- тұрғындарға ресми деректер ұсыну мақсатында сағат 08.30-да және 16.00-де күніне екі рет арнайы брифинг беріліп жатыр (спикерлер — облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов және Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметов).
Сонымен қатар облыстық штаб жанынан «400-100» нөмірімен сall-орталығы 24 сағат жұмыс істейді. Бұл орталыққа тұрғындар күніне 500-ге жуық сұрақ қояды. Осы уақытқа дейін 6 914 сұрақ (4528 әлеуметтік сала, 693 бақылау бекеттері, 1473 кәсіпкерлік саласы және тағы басқа) түсіп, тиісті шаралар қабылданды.
Бұған қоса, облыстық kyzylorda-news.kz сайтынан арнайы «Covid-19» медиа блогы іске қосылды. Бұнда барлық ресми ақпарат жинақталған.
Қазіргі таңда пандемиямен күресте 3000-ға жуық дәрігердің, 200 полиция қызметкері және 170-тен астам әскерилердің орны бөлек. Тағы бір айта кететін жағдай — республика бойынша біздің аймақта вирус жұқтырған азаматша аман-есен дүниеге сәби әкелді. Ана мен баланың өмірін аман сақтап қалуға акушер — гинеколог Қонқабаева Ақбота, акушер — Еңсепбаева Айгерім, неонатолог — Аққайырова Меруерт, медбике — Тұрғанбаева Айгүл және кіші буын қызметкері Бекназарова Назымхан есімді сала мамандары аянбай еңбек етті. Сіздерге мыңда бір алғыс. Себебі кейбір тұрғын карантин талабын бұзса, олар адам өмірін сақтап қалу жолында үйіне қайта алмай жүр. Біз осы сәтте қазіргі заман батырларын бағалауымыз қажет, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Серік Ахмет коронавируспен күресте Қызылорда кәсіпкерлерінің де үлесі мол екенін айтты.
«Далатекс» компаниясының директоры Дінмұхаммед Абизов және «ПромКоммерцКА» жеке кәсіпкер Аида Керімқұлова бастаған ұжымдар маска тігу ісін қолға алды. Сонымен қатар Дина Махатова қарындасымыздың жетекшілігімен «Ас-Ка» компаниясы медицина қызметкерлеріне арнайы бірреттік қорғаныш киіммен қамтамасыз етсе, «НеоХимТех» директоры Нұрбол Аппазов және «50 аптека» басшысы Лейла Жалиева сияқты азаматтарымыз антисептиктер жасап жатыр. Жеке кәсіпкер Қайрат Боранбаев вируспен күресіп жатқан 90 дәрігерді «Қызылорда» қонақүйіне орналастырды. «Kazpetrol Group» компаниясының басшысы Бақыт Тоғызбаев 120 медицина қызметкеріне 100 мың теңгеден — барлығы 12 миллион теңге сыйақы берді, — деді Серік Ахмет.
Облыс әкімінің орынбасары пандемиямен күреске үлес қосып жатқан барлық азаматқа алғыс айтып, өңір тұрғындарын сақтық шараларын қатаң сақтауға үндеді.