«Ойын балалары дүкенге маскасыз жүгіріп кіреді»
Сәуле Төленова — Түркістан облысындағы Мыңшұңқыр ауылының тұрғыны. Көрші Қоғам ауылында дүкенші болып жұмыс істейді. Дүкен ауыл мектебінің жанында орналасқан. Оқушылар үзіліске шыққанда дүкенге көп келетін, бірақ елде төтенше жағдай енгізілгелі бері сол негізгі тұтынушылар да, ауылдың басқа тұрғындары да дүкенге баруды сиретіпті.
«Қазір күніне 10-15 адам ғана келеді. Өзім вирустан мейлінше сақтануға тырысам. Таңертең, кешке еден мен есік тұтқаларын хлор сумен жуып шығам. Есік тұтқаларына дәкені хлор суға малып, байлап қоямын. 2 сағат сайын ауыстырып жүрмін», — дейді Сәуле Төленова.
Дүкенші маска тағып, медицина қолғабын киіп жүргенін айтты. Сатып алушылардан қолғап киюді сұрайды, қолғабы жоқтардың қолына антисептик сеуіп береді. Есіктің сыртына «маскамен және қолғаппен кіріңіздер» деп жазып қойған.
Басында ауыл адамдары маска деп қанша айтсақ та, мән бермейтін. Түркістан облысындағы ауылдардан вирус шыққан соң олар да сақтана бастады. Балалар ғана далада ойнап жүріп, дүкенге жүгіріп кіріп келеді. Есіктен басы көрінгеннен «маска, қолғап» деп айғайлаймын. Кейде ата-анасына ескертіп, айтамын, — дейді дүкенші.
Бұрын дүкен 09.00-ден 20.00-ге дейін ашық тұратын. Қазір 10.00-ден 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Сәуле көрші ауылға таксимен барып қайтады. Үйіне жеткенше маска, қолғабын шешпейді. Ауылда вирус таралып жатқанына мән бермейтіндер де, маскасын тастамайтындар да бар.
«Қолды кеудеге қойып амандасуды үйрене алмай жүрміз»
Еламан Сарқыт — 10-класс оқушысы. Шығыс Қазақстан облысының Қарабұта ауылында тұрады.
«Қазір бәрі инфекцияның таралуына жол бермеуге тырысып жатыр. Біз үйде, әсіресе таңертең есіктерді жиі ашып, ауа кіргізіп тұрамыз. Қолымызды, бет-аузымызды жиі сабындап жуып жүрміз. Үйге жалбыз, ермен сияқты иісі өткір өсімдіктерді қойып қойдық. Меніңше, «вирус бәріне жұғатын болды» деп дүрбелең де салмай, «не бола қояды дейсің?» деп салғырт та қарамай, бар болғаны сақтанып жүру керек. Сабырлы болу керек», — дейді Еламан.
Ауылдастар көршінің үйіне күніне бір рет болса да, бас сұқпай кетпейді. Еламан көршінің үйіне маскасыз кіре береді, бірақ үйге келген соң беті-қолын сабындап жуады.
Басында вирус біз жаққа келмейтіндей бұл ахуалға бейжай қарайтынбыз. Елде індет ауқымы кеңейген соң өзімізше сақтана бастадық. Жігіттер бір-біріне қол беріп амандасады ғой. Мына жағдайда қолды кеудеге қойып амандасу керек деп естігем, бірақ соған үйрене алмай жүрміз, — дейді ауыл баласы.
«Қолымызды кірсабынмен жуып жүрміз»
Атырау облысының Мұқыр ауылындағы зейнеткер Айнұр Ербаян да инфекциядан мүмкіндігінше сақтанып жүр. Қазір көрші-қолаңға баруды қойған.
Көршілермен арамыз — таяқ тастам жер. Арасында терезеден бір-бірімізге қарап қоямыз. Қазір бір-бірімізден тұз, қант сұрау деген жоқ. Нан да сұрамаймыз. Түнде табаға нан салам, таңертең көміп алам, — дейді Айнұр Ербаян.
Зейнеткер азын-аулақ мал ұстайды. Айнұр апай малын өріске бара жатқан түлікке қосып жібереді де, ауылдастарымен алыстан сәлемдесіп, үйіне қайтады.
Дегенмен үйден мүлдем шықпай отыру мүмкін емес. Өткенде зейнетақымды алуға аудан орталығына барып қайттым, бірақ ешкіммен амандаспадым. Үйде үш жанбыз. Волонтерлар бірнеше рет пайдаланатын үш маска әкеп берді. Ауданға сол масканы тағып барам. Үйдің кіреберісіне табаққа су құйып, кішкене ақтық араластырып қойғанбыз. Сырттан келгенде соған қолымызды шайып, үйде кірсабынмен жуамыз. Бұрын бейжай қарайтынбыз. Қазір сыртқа маскасыз шықсақ, бір затымызды ұмытып кеткендей қалта сыртынан сипай бастаймыз, — дейді зейнеткер.
Мұқыр тұрғыны төтенше жағдай уақытында бұрын кейінге қалдырған біраз ісін шетінен бітіріп жүр. Көрпе тігіп, жүк дайындап жатыр.
«Хлор қосылған сумен көлігімді жуып жүрдім»
Такси жүргізушісі Рашид Раманқұлов әдетте Түркістан мен Шәуілдір ауылы арасына жолаушы тасиды. Қазір Түркістанға кіріп-шығу шектелген. Карантин күшейгелі бері көлігі үйде тұр.
Өткенде қаланы жауып тастап, жұмыс болмай қалды. Оған дейін халық Түркістандағы базарға барып-келіп жүрген. Сол кезде канистрге хлор қосылған су құйып алып, көлігімнің іші-сыртына күніне екі рет шашып қоятынмын. Шүберекпен рульді, есік тұтқаларын жуып шығатынмын, — дейді Рашид.
Такси жүргізушісінің айтуынша, қазір ауылдар арасында да қатынас тоқтаған. Тұрғындар ешқайда шықпай отыр. Денсаулық бәрінен маңызды.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)