Ал олардың атқаратын жұмысы сан түрлі: сізді тіркейтін әуе компаниясы өкілінен бастап жүргізушілер, жүк тиеушілер, арнайы бақылау қызметі, кеденшілерге дейін көптеген сала мамандары ұшақ айлағында өз жұмыстарын жүргізеді.
Air Astana компаниясы бір топ БАҚ өкілдерін жинап, оларға бір күн әуежай қызметкері болу мүмкіндігін ұсынды. Арасында мен де болдым.
Алдымен компания өкілдері әрқайсымызға Air Astana-да жұмыс істейтін бір-бір жетекшіден тағайындады.
Бүгін қанша ұшақтың келетіні, қаншауының ұшып кететіні туралы ақпарат жарияланып, біркүндік жоспарымыз талқыланып, бекітілген соң, жетекшілер бізге әуежай қызметінің қалай жүретіні, нақты не істеу керектігі туралы нұсқаулықтар беріп, жұмысымызды бақылап отырды. Маған жолаушыларды тіркеу қызметі бұйырды.
Осыдан кейін мен жетекшіммен тіркеу орнына барып тұрдым. Міндетім жолға шыққан халықты тіркеу болды.
Келген жолаушыларды «Сәлеметсіз бе! Эйр Астанаға қош келдіңіз! Қайда ұшасыз?», — деп қарсы алып, жүгі болса, оны қабылдап алып, құжатын тіркеп, билетін беріп, сәтті сапар тіледік.
Мұнымен қатар бізге түрлі рейстер бойынша ақпарат лек-легімен келіп түсіп жатты. Осының бәрін игеріп, түсініп, ешкімді шатастырмай, билетті дұрыс тапсырып отыру керек болды.
Жолаушыларды тіркеу маманы жұмысына өте мұқият, ұқыпты және ісіне сақ болуы керек екен. Халықаралық рейстерге қызмет көрсететін компания өкілінің жауапкершілігі тіпті де үлкен.
Ұшқалы тұрған халықтың көңіл-күйі әртүрлі. Біреуі жолға қуанып шығады, енді бірі іссапармен кетіп бара жатыр, тағы бірі ұшудан қорқады. Осы жандардың бәрін жылы жүзбен қарсы алып, құжаттарын дұрыс рәсімдеп, күлімдеп ұшаққа шығарып салсаң, олардың да саған деген, әуе компаниясына деген ниеті түзу болады.
Жұмыс соңында жетекшім маған өз бағасын берді. Ал мен жұмыстың оңайы болмайтынына кезекті рет көз жеткіздім.
Ербол Серікбай