Қостанай облысында су басқан үйлерден 47 адам эвакуацияланды

Ведомствоның мәліметінше, қар еріп, жауын-шашын түскеннен Тімтуір өзені тасыған. Оның суы Қостанай облысындағы Қарамырза ауылында 60 тұрғын үйді басып қалды. Су деңгейі 40 сантиметрге дейін жеткен. Бүгін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин онлайн брифингіде бұл оқиға жөнінде түсінік берді.

Кеше Қарасу ауданындағы бұл үйлерден тұрғындар эвакуацияланды. Елді мекендегі жұмыс ертең күннің соңына дейін мұндағы қауіпті сейілтеді деп ойлаймын, — деді Юрий Ильин брифингіде.

Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, Қостанай облысында барлығы 47 адам, оның ішінде 13 бала эвакуацияланды, 608 бас ірі қара мен қой, 450 бас шошқа және 15 бас жылқы қауіпсіз жерге айдалды.

Еріген қар мен жауын-шашын салдарынан Жабай өзені де тасып, Ақмола облысындағы Балқашино ауылында екі ауланы басты. Шығыс Қазақстан облысында да су басқан аулалар бар, қазір төтенше жағдайлар қызметкерлері суды сорып, тасқын салдарын қалпына келтіріп жатыр.

«Қазгидрометтің» ақпараты бойынша алдағы күндері еліміздің орталығы мен солтүстігінде жаңбыр, қар жауады. Төтенше жағдайлар комитеті тасқын кезінде халықты эвакуациялау үшін 1 707 пункт, шатыр, кереует, тамақ пен ауызсу дайындап қойған. Ішкі істер министрлігінің жеке құрамының 9 874 қызметкері, 1 730 техникасы шұғыл жағдайға дайын.