Басты бетЖаңалықтарТүрме цехтары...

Түрме цехтары полицейлерге вирустан қорғайтын киім тігіп берді

Инфекциядан қорғайтын арнайы костюм комбинезон пішінінде, ол су өткізбейтін әсері бар қоспа матадан жасалған, ұзақ киюге арналған.

Форма өндірісін түзеу мекемелері аз ғана мерзімде қолға алған. Алғашқы 160 дана комбинезонды Нұр-Сұлтанның блокбекетте қызмет атқаратын полицейлері алды. Жақын арада ол министрліктің барлық аймақтық бөлімшесіне беріледі.

Коронавирустан қорғайтын киім
Фото: Polisia.kz

Күн сайын полицейлерден, құтқарушылардан, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен тұратын 25 мыңға жуық адам жасақ болып күзетке шығады. Осы қиын жағдайда пенитенциар жүйе тиімді жұмысын көрсетті. Менің тапсырмам бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорны әзірлеген құралдар төтенше жағдай кезінде қызмет борышын тәулік бойы орындайтын қызметкерлеріміздің денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Қылмыстық-атқару жүйесі ведомствосы «дезинфекция тоннелі» аталатын жабдықты да таныстырды.  Оның алғашқы үлгісі Ішкі істер министрлігі ғимаратының кіреберісіне орнатылған. Тоннель құрылымы да, жұмысы да қарапайым: ол кіреберістен өткен адамдарға дезинфекциялайтын қасиеті бар арнайы физерітіндіні бүркиді. Осындай дезинфекциялайтын жабдық барлық колонияға орнатылады.

Полицейлер мен әскери қызметшілер елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бері медицина қызметкерлерімен бірге халықтың денсаулығын қорғау бағытында қызмет атқарып жатыр. Олар блокбекеттерде қоғамдық тәртіпті күзетеді, карантин аймақтарында ауру жұқтыру ошақтарын оқшаулайды. Санитария ережелерінің бұзылуына жол бермейді, ауру жұқтыруы мүмкін және науқастардың маңына жолаған адамдарды іздеумен айналысады. Медицина қызметкерлері сияқты олардың да коронавирус жұқтыру қаупі аса жоғары.

Сол себепті Ішкі істер министрі түзеу мекемелерінің тігін цехтарына тәртіп сақшыларына вирустан қорғайтын құралдар тігуді тапсырған. Цехтар әуелі 1 миллион данаға жуық бетперде тігіп, жеке құрамның сұранысын түгел өтеді.