«Ата-ана оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасына кедергі болмаса дейміз»
Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы химия пәнінің мұғалімі Нұркен Орал 7-10-кластарда оқитын жалпы саны 60 оқушыға сабақ береді. Дүйсенбіде 7, 8, 9-кластарда үш сабағы бар. Оқушыларды 30 минут оқытады.
«Kundelik.kz платформасында әр класс парақшасы бар. Сонда бүгінгі өтетін тақырыптарға қатысты презентацияларды жүктеп қойғанмын. Осы платформа арқылы баяғыдай оқушымен кері байланыс жасап, комментарий жазамыз. Оған қоса, WhatsApp-та әр класқа топ аштық. Сол жерге Bilimland.kz, «Өрлеу» білім орталығы сияқты порталдардың видеосабағының сілтемесін жібердім. Телеарнадағы сабақтар 10 минут қана болады. Сондықтан оларды қосымша білім деуге болады. Оқушыға қалған бағыт-бағдарды біз беруіміз қажет», — дейді Нұркен Орал.
Сабақ басталар алдында класс жетекшілері мен пән мұғалімдері оқушыларын чатта түгендеп алады. Балалар жаңа тақырыптың түсінбеген тұсын ата-анадан сұрайтын көрінеді.
Оқушы түсінбегенін желіде бізден сұрай алады, бірақ олардың орнына бізге ата-ана шығады. Ата-анаға түсіндірсек, олар барып балаға түсіндірсе, ол қандай сабақ болады? Соңында бала дұрыс ұқпай қалуы мүмкін. Ата-анамен түсінбестік болмас үшін сабақты бала өзі оқығаны жөн. Ата-ана оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасына кедергі болмаса, тек сырттай бақыласа екен дейміз, — дейді мұғалім.
Нұркеннің ауылында күн қатты суып, дауыл болса, жарық сөніп қалады. Мұндай жағдай бола қалса, телефонмен байланысу қиын. Ондай кезде оқушыға оқулығымен өз бетінше оқи тұруға тура келеді және жауапкершілік ата-анаға түседі. Бәрі қалпына келген соң мұғалімдер қалып қойған тақырыпты қосымша өтуге мәжбүр.
Оқушыларға бұған дейін 3 тоқсан сабақ өттік. Қай оқушының қай деңгейде оқитынын білеміз. Сол себепті тапсырманы өзі немесе басқа біреу орындағанын білу қиын болмайды деп ойлаймын. Оның үстіне, қазір әдеттегі білім беру кезіндегідей қатаң тәртіп жоқ. Оқушыға кез келген интернет көзі арқылы білімін жетілдіруге рұқсат, — деді Нұркен Орал.
«Мектептегі сабақты ештеңе алмастыра алмайды»
Айзада Ережепова — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бастауыш класс оқушыларына сабақ береді. Айзада қазір Қызылорда облысының Шиелі ауданында. Алматыдағы оқушыларына Zoom платформасымен және WhatsАpp-пен сабақ беріп жүр.
Қашықтан оқытудың бірінші күнінде 64 оқушымен жұмыс істедім. Кей ата-ананың сұрауына орай Zoom платформасын қолданып жатырмыз. Өйткені бұл платформамен онлайн сабақ өткізу баланың тез қабылдауына көмектеседі. Дегенмен интернет сапасы нашар болғандықтан WhatsАpp-қа көшуге тура келді, — дейді Айзада Ережепова.
Айзада оқушылардың түсінуіне оңай болуы үшін тапсырма көлемін азайтқан. Тақырыпқа қатысты қысқа видео түсіріп, балаларға жібереді. Оқушылар жаңа сабақты видеодан ұғып, тапсырмалар орындайды. Мұғалім тақырыпты жете меңгермеген оқушылардың кейбіріне түстен кейін видеоқоңыраумен жеке хабарласып, қайта түсіндіргенін айтты. Мұғалімнің айтуынша, қандай платформа болса да, мектепті алмастыра алмайды.
Жаңа форматтағы оқу жүйесінің кемшін тұсы көп. Жаңа жүйеге ата-аналардың да шағымы аз емес. Отбасындағы бірнеше баламен бір уақытта жұмыс істеу, әрқайсына телефон, ноутбук қосып беру, үзіліс арасында келесі сабаққа дайын болып үлгеру ата-анаға да, балаға да қиын. Соған қарамастан оқушылар тез бейімделіп кетті. Алғашқы күн жақсы өтті, — дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
«Ауылға қыдырып келіп, қайта алмай қалған оқушыларға да сабақ береміз»
Ақтөбе облысының Баршақұм ауылындағы орта мектептің оқушылары сабақты маршрут парағымен оқып жатыр, яғни мұғалім сабақ тапсырмасын курьерден беріп жібереді, оқушылар да орындаған тапсырманы содан мұғалімге жолдайды. Ауылда 63 оқушы бар. Бибінұр Ібрісова бастауыш мектептің негізі пәндерінен сабақ береді. Негізі, оқушысы 100-ден аз мектепте әдеттегідей сабақ беруді жалғастыруға болады, бірақ облыстың санитария-эпидемиология қызметі бұған рұқсат бермепті.
Санитар дәрігерлер індеттің тарауынан сақтанған шығар. Біздің ауылда интернет сапасы өте нашар. Әлеуметтік желілер бірде ашылады, бірде ашылмайды. Сондықтан маршрут парағына көштік. Balapan телеарнасының сабақ кестесіне ыңғайландық. Кестеде ертеңгі күннің тақырыбы шығып тұрады, соған байланысты өзіміз әр оқушыға тапсырма дайындаймыз. Әр баланың маршрут парағы болады. Онда сабақты түсіндіріп, соңында үй жұмысын береміз. Мұның бәрін көбіне қолмен жазуға тура келеді, кейде компьютерді пайдаланамыз, — дейді Бибінұр Ібрісова.
Дайын парақты көбіне негізгі пәннен басқа пәндерден сабақ беретін мұғалімдер оқушыларға тасиды. Бала орындаған парақты келесі күнгі сағат 09.00-ден кешіктірмей қайта пән мұғаліміне әкеп беруі керек. Дегенмен мұғалімдер балалардың жұмысын бағалау үшін Kundelik.kz платформасын толтырады. Мектепке кіруге директор шектеу қойыпты, бірақ интернетке қосылған компьютермен платформаны толтыру үшін мектепке күніне бір рет баруға тура келеді.
Телеарна бастауыш мектеп балалары үшін қазақ тілі, орыс тілі, математика және жаратылыстану пәндерінен сабақ ұйымдастырған. Баршақұмдағы орта мектеп бұл қатарға ағылшын тілі мен дүниетануды қосқан. Бибінұр Ібрісованың айтуынша, дене шынықтыру, еңбек сияқты пәндердің мұғаліміне сабағын видеоға түсіріп, флешкамен оқушыларға беріп жіберуге болады. Қазір мектеп осы жұмысты қолға алып жатыр.
Біздің ауылда аудан орталығынан қыдырып келіп, карантин енгізілуіне байланысты кейін қайта алмай қалған оқушылар да бар. Олардың тізімін алдық, енді олар оқу бағдарламасынан қалып кетпеуі керек қой. Өз оқушыларымызбен бірге ауылға келген балаларға да қосымша тапсырма беріп, кері байланысты бастадық. Бұл қоғамдық жұмыс ретінде есептеліп жатыр, — дейді мұғалім.
«Балалар мектепте екі ауысыммен оқып жатыр»
Түркістан облысының Ынтымақ ауылындағы оқушылар сабақты әдеттегідей шағын жинақты орта мектептің ғимаратында өтіп жатыр. Оқушы саны аз болғандықтан оқу процесін бұрынғыша жалғастыруға рұқсат берілген. Бақдәулет Шадырман осы мектепте география пәнінен сабақ береді. Мектебінде 80 оқушы бар.
Бір класта 10-12 оқушы отыр. Әр сабақты 30 минуттан оқытамыз. Ауылда интернет өте нашар. Қазір үйде болған соң бәрі жаппай интернет пайдаланып, телефонмен хал-жағдай сұрасып жатыр. Содан ба, желіге қосыла алмай отырмыз. Бәріне бірдей компьютер жетпейді, қашықтан оқытуға мүмкіндік жоқ. Бүгін 5-класқа сабақ өткіздім. Бәрі әдеттегідей, тек берілген уақытқа тақырыпты сыйғызу керек, — дейді Бақдәулет Шадырман.
Мұғалімнің айтуынша, мектепте бәрі маска тағып жүр. Әр класта антисептик бар. Мектепте оқушы барынша аз болуы үшін балалар екі ауысыммен оқып жатыр.
«Біздің сабақ пен телеарнадағы сабақтың оқу мақсаты басқа»
Айнагүл Темірболатова — Атырау облысының Сағыз селосындағы Кенбай орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мектепте барлығы 87 оқушыға сабақ береді. Қашықтан оқыту басталғанда Balapan телеарнасындағы сабақты басшылыққа алыпты. Түрлі себеппен тыңдай алмаған балалар да болған. Ондай оқушыларға мұғалім WhatsApp-тағы чатта тақырыпты қайта түсіндірген.
«Телеарнадағы сабақтарда кейбір класс үшін жаңа сабақ туралы мәліметке тақырып қоса берілген, кей класқа тапсырма берілмейді екен. Ондай жағдайда тапсырманы өзіміз береміз. Балалар тапсырманы дәптеріне орындап, оны фотоға түсіріп, бізге жіберіп жатыр. Balapan телеарнасы сабақты қай баспалармен дайындайтынын білмейміз. Бірқатар класқа тақырыбы сәйкес келгенімен оқу мақсаты басқа болып шығады», — дейді Айнагүл Темірболатова.
Міне, еліміздің о шеті мен бұ шетіндегі шалғай ауылдарда педагогтар бар қал-қадірінше бала оқытып жатыр. Жүйе мұндай жағдайға дайын болған жоқ, індеттің оқыс таралуы қашықтан білім алуға көшуге мәжбүрледі. Оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығын қорғау — бәрінен маңызды мәселе. Сол себепті қоғамға осындай қиындықты бастан өткеруге тура келіп отыр.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Anastasiya Melnikova)