«Туған күнді бір рет үйде оңаша өткізуге болады»
Baribar.kz редакциясының дизайнер-иллюстраторы Бекзат Исамбергеновтің туған күні Алматыдағы карантин кезіне тура келді. 1 сәуірде 25 жасын үйде жалғыз өзі атап өтті.
«Карантин кезіндегі туған күн біз ойлағандай жаман болмайды екен. Бұл да — бір эксперимент. Өйткені жыл сайын туған күнді жалғыз өзің тойлай бермейсің. Елде төтенше жағдай режимі жарияланбай тұрғанда үйге әдеттегідей достарымды шақырамын деп ойлағанмын. Жыл сайын пиццаға тапсырыс беріп, ішімдік сатып алып, үйде тойлайтынбыз. Үстел ойындарын ойнаймыз, әңгімеміз таусылмайды. Билейміз. Кофехана сияқты жерлерге кез келген уақытта бара береміз ғой, ал үй қашан да жайлы», — дейді Бекзат.
Оның айтуынша, достары да — өзі сияқты интроверт. Бір-бірін жақсы түсінеді, бір-бірінің үйіне қонаққа емін-еркін бара береді. Бұл туған күнінде үйде өз қолымен тәтті-дәмді пісіріп, алкогольді коктейль дайындауды жоспарлапты. Оған қоса, жаңа пәтерге көшкенін де атап өтпекші болған.
Оның ешқайсы болмай қалды. Ештеңе етпейді. Туған күнімде жұмысымды бітіре сала пицца, суши алдырттым. Өзімді қуанту үшін супермаркеттен чипс, тирамису мен бір бөтелке шардоне сатып алдым. Ноутбуктың жанына тағамның бәрін дайындап алғанда достарыммен видеочат басталды. Үйде бір өзім отырғаным аздап көңілімді түсірді, бірақ оқасы жоқ. Бұл өткінші ғой әрі бір туған күнде үйде оңаша отыруға болады, — дейді әріптесіміз.
«Сауық кешіне барардай киініп алдым»
Нұр-Сұлтан тұрғыны Қарлығаш Құрамысова 31 наурызда 22 жасқа толды. Бас қалада карантин жарияланғандықтан туған күнінде үйінен ешқайда шықпады. Жаңа жасын бірге тұратын әпкесімен және құрбысымен тойлады. Ата-әжесі мен басқа да туыстары видеоқоңыраумен хабарласып, құтты болсын айтқан.
«Бұрын туған күніме 3-4 күн қалғанда достарым хабарласып, қайда атап өткім келетінін ақылдасатын. Бұл жолы бәрі «енді туған күніңді не істейсің?» деген хабарламалар жазып, уайымдады. Кейінгі жылдары туған күнді 31 наурызда 00.00-де үйде достарыммен тойлап жүргем. Күндіз де отырыс өткізетінбіз. Биыл үйде әпкем мен құрбым тортпен құттықтады. Біздің қалада тортты дәмді пісіретін дүкен бар. Соны уақытша жауып тастай ма деп қатты уайымдадым. Сол үшін әпкеме тортты 26 наурызда алып қояйықшы деп айттым, бірақ жаппады. Тортты 30 наурызда алдық», — деді Қарлығаш.
Дегенмен туған күн иесін құрбы-құрдастары ақыры назардан тыс қалдырмады. Жеткізу қызметімен сыйлық пен гүл жолдаған. Қарлығаш оның бәрін зарарсыздандырып барып алып, әр гүлшоғымен үйдің түрлі фонына фотосессия жасады.
Шамамен, 1,5 сағат фотоға түстім. Фото үшін ерінбей макияж жасап, сауық кешіне барардай киініп алдым. Құрбым «әр бұрышқа бір фотоға түсіп жүрсің бе?» деп қалжыңдады. Instagram-да парақшам жоқ. Естелік үшін түстім. Карантин ережесіне бағынып, үйде отырып та туған күнді қызық етіп өткізуге болады екен, — дейді Қарлығаш.
«Өмірінде бірінші рет торт майшамын үріп өшіргісі келді»
Түркістан облысындағы Ақбастау ауылы тұрғыны Бекзат Бегман да туған күнін төтенше жағдай уақытында тойлады. 1 сәуірде 27 жасын тойлауға 20-дан астам қонақ шақырып қойған еді, бірақ карантин жоспарды бұзды.
«Жұбайымның туған күнін былтыр бүкіл туысымызбен бірге тойладық. Биыл да улап-шулап өткіземіз дегенбіз, бірақ төтенше жағдай ережесін сақтау керек болды. Сөйтіп бәріне туған күн жасамайтынымызды айттық. Бекзат бұл күнді жақындарымен тойлап, торт майшамын үріп өшіргісі келген еді. Өмірінде бұлай істеп көрмегенін айтып, бізді бір күлдіртті, — дейді зайыбы Нұргүл.
Нұргүл тәттінің түр-түрін жасайды. Бұл жолы да жұбайының туған күніне тортты өзі пісірмекші болған, бірақ оған қажет зат алу үшін Шымкентке бару керек. Мегаполиске кіріп-шығу уақытша шектелді. Амал жоқ, қолдағы бармен бисквит қосылған шоколад тортын пісіріпті. Оған «Күн мен түн» деп ат қойған.
Дүкеннен торт бетін безендіруге ештеңе алмаппын. Сағат болса, 22.00-ге таяды. Қазір ауылдағы дүкендер бұдан 2 сағат бұрын жабылып қалады. Тортқа арналған қант ұнтағын себейін десем, ол да таусылып қапты. Содан шекермен жүрекше салып, айналасына шоколад қойдым. Анам екеуіміз Бекзаттың сыртқа шығуын күттік. Итке тамақ беріп, босатып келгенше торттың бетіне майшам жағып, құттықтадық. Торт өте дәмді болыпты. Соған қуандым, — дейді Бекзаттың жары.