Басты бетЖаңалықтарБірнеше мұғалім...

Бірнеше мұғалім жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылды

Polisia.kz-тің мәліметінше, 28 наурызда өңірдің көлік полициясына Талдықорған көлік прокуратурасының кезекші прокурорынан WhatsApp мессенджерінде тарап жатқан жалған ақпарат туралы хабар келіп түскен. Тараған аудиожазбада «Үштөбе станциясында пойыздан коронавирус жұқтырды деген күдікпен екі адам түсірілгені» айтылады. Бұл факт Үштөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне Қылмыстық кодекстің 274-бабы — «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша тіркелді. Желілік полиця қызметкерлері 30 наурызда фейк ақпаратты ойлап тапқан адамды анықтады, ол Үштөбедегі орта мектептердің бірінің 48 жастағы мұғалімі болып шықты. Әйел өтірік ақпарат таратқанын мойындады, қазір тергеу жүріп жатыр.

Бұдан бір күн бұрын полицейлер Жамбыл ауданы Үмбетәлі Кәрібаев ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін 31 жастағы әйелді ұстаған. Ол WhatsApp-та «Қайназар және Ұзынағаш ауылдарында екі адам коронавирус жұқтырған» деген жалған ақпарат таратқан. Полицейлердің мәліметінше, мұғалімнің аудиожазбасы ә дегеннен мыңнан астам жергілікті тұрғынға тараған. Жауап алу барысында күдікті кінәсін мойындады.

Алматы облысының прокурорлары Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы №13 орта мектептің бастауыш класс мұғалімдерінің жалған ақпарат таратқанын әшкереледі. Олар WhatsApp арқылы «коронавирустың таралуына байланысты Байсерке және Өтеген батыр ауылдары арасындағы жол жабылғанын» айтқан. Іле ауданының полицейлері мұғалімдерге анықталмаған ақпаратты тарату қылмыс екенін түсіндірді, мұғалімдер істеген ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады.

Құқық қорғау қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 274-бабының 4-бөлігі бар екенін еске салады. Ол — «төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекет», яғни азаматтар қазіргі төтенше жағдай режимі кезінде жалған ақпарат таратса, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған жағдайда жаза қатаң болады — 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазаcы беріледі.