Қызылорда облысында баға мәселесі бақылауда — Нұрғали Қордабай

Қызылордада облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Шарада өңір бюджетін толтыратын қаржы көлемінің толыққанды түскені туралы мәлімет берілді.

Ел ішінде жарияланған төтенше жағдайға байланысты облыс әкімінің өкімімен жедел әрекет етудің өңірлік штабы құрылды. Нұрғали Қордабай аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты әрі баға мәселесінің бақылауда екенін айтты.

Облыс әкімінің резервінен шұғыл шығындар бойынша 1 107 тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алуға 105,8 миллион теңге қаржы бөлу жоспарға қойылған. Бүгінде әлеуметтік маңыздағы 19 түрлі азық-түлік өнімін сатып алу тізімі бекітілді.

«Облыстағы жанар-жағар май қоры да жеткілікті», — дейді сала мамандары. 16 наурыздағы мәлімет бойынша АИ-92 маркалы бензин қоры — 3 106,9 тонна, дизель отын қоры — 2 984,5 тонна.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында облысқа қажет жабдықтарды сатып алуға 4 309 миллион теңге бөлінді.