Коронавирусқа байланысты карантин кезінде не істеу керек?

Коронавирус, пандемия, бетперде
Иллюстрация: Dribbble.com/©Ok Sotnikova

Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар 13 наурыздан бері тіркеле бастады. Одан қалай қорғануға болады? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері көпті мазалаған сұрақтарға жауап берді.

1. Коронавирустың белгілері қандай?

Коронавирустың белгілері жедел респиратор вирус инфекциясы мен тұмаудікіне ұқсас:

• Түшкіру;

• Әлсіздік;

• Бастың ауыруы;

• Дене қызуының көтерілуі;

• Тамақтың қышуы;

• Кеуде қуысының ауыруы;

• Жүрек қағысының жиілеуі;

• Тыныстың жиілеуі.

2. Коронавирус қалай таралады?

COVID-19 вирусы екі түрлі жолмен таралады:

• Жөтелгенде, түшкіргенде, ауру адаммен сөйлескенде ауа арқылы;

• Тұрмыс заттары арқылы.

3. Коронавирусты жұқтырмау амалдары қандай?

Ең әуелі әр адам санитария-гигиена талаптарын сақтауға міндетті. Көп адам шоғырланатын жерлерге, қоғамдық тамақтану орындарына, базарларға барудан бас тартқан жөн.

Қолды жиі сабындап жуып, арнайы антисептик пайдалану керек. Үйіңізді (жұмыс орныңызды) таза ұстаңыз: сумен жиі-жиі жуып, ауаны тазартып отыру қажет.

Түшкіргенде, жөтелген кезде мұрныңыз бен аузыңызды бірреттік сулықпен жабыңыз. Ортақ тұрмыстық құралдарды пайдаланбаған жөн.

4. Коронавирус белгілері неше күнде білінуі мүмкін?

Вирус жұққан күннен бастап 14 күннен 28 күнге дейін.

5. Коронавирусты анықтайтын анализді қай жерде тапсыруға болады?

COVID-19 вирусының бар-жоғын тексеру үшін Алматыдағы мына мекемелерде анализ тапсыруға болады:

• Ұлттық сараптама орталығы, Жібек жолы көшесі, 3;

• Орталық республикалық зертхана, Гагарин көшесі, 66;

• Орталық қалалық клиникалық инфекциялық аурухана, Жандосов көшесі, 6.

6. Қандай жағдайда коронавирусқа тест тапсыруға болады?

Әуелі эпидемиология ахуалы қиындаған және вирус таралған елдерден келген азаматтар, сонымен қатар клиникалық белгілер анықталған және коронавирус жұқтырған пациенттермен байланыста болғандар тест тапсыруы керек. Басқа жағдайларда анализ тапсырудың қажеті жоқ.

7. Инфекция жұқтырған адаммен байланыста болғандар не істеуі керек?

Вирус жұқтырған адаммен қандай да бір байланыс болған жағдайда "1406" бірыңғай байланыс нөміріне, емханаға немесе жұқпалы аурулар ауруханасына хабарласу қажет.

8. Шетелге барып келгендер не істеуі керек?

Коронавирус таралған елдерге барып келген азаматтар "1406" нөміріне қоңырау шалып, өзі жайында мәлімет беруге тиіс. Тіркелген емханаға, жұқпалы ауруларды қабылдайтын ауруханаға да хабарласуға болады. Мамандар әрі қарай не істеу керек екенін айтады.

9. Коронавирус жұқтырған адамның отбасы мүшелері не істеуі керек?

Вирус жұқтырған адамның отбасы мүшелері міндетті түрде анализ тапсыруға тиіс. Дәрігерлер тест нәтижесіне қарап тиісті шешім шығарады: ауруханаға жатқызады, сырқат белгілері болмаған жағдайда үй карантиніне жатқызады.

10. Коронавирустан қалай емдейді?

Кез келген ауру сияқты коронавирусты емдеудің де белгіленген тәсілдері бар. Нақтырақ айтқанда, вирусқа қарсы әрекет ететін арнайы препараттар мен жеке гигиена талаптары қолданылады.

11. Үй карантинінде нені ескеру керек?

Адам үй карантиніне жабылғанда дәрігердің талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс. Карантинге жабылған азаматтарға сыртқа шығуға болмайды. Гигиена талаптарын сақтап, бетперде тағып жүрсе, жеке ыдыс-аяқ пайдаланса, қолын сабынмен жуып, зарарсыздандыратын құралдарды қолданса, бөлмені жиі желдетіп отырса, вирусты отбасы мүшелеріне жұқтыру қаупі төмендейді.

12. Карантин неше күнге созылады?

Карантин 14 күнге созылады. Кейін пациенттер емхана дәрігерлерінің бақылауында болады.

13. Аурудан сақтану үшін қандай витамин ішкен дұрыс?

Арнайы витамин қабылдаудың қажеті жоқ. Қазір дұрыс тамақтанып, көкөніс пен жеміс-жидек жеген дұрыс. Қоғамдық орындардан тамақтанбай, үйдің тамағын жеу қажет.