Басқарма басшысы ең кішкентай пациенттің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
2018 жылы туған науқас Куршевель — Берлин — Алматы бағытындағы чартер рейспен келді. Чартер рейстің құрамы түгел карантинге жатқызылды. Сол карантинге жатқызу кезінде біз инфекцияны кішкентай қыздан анықтадық. Оның жағдайы қанағаттанарлық, — деді Тілеухан Әбілдаев.
Мұның алдында 2018 жылы туған бүлдіршін 13 наурызда Берлин — Минск — Алматы рейсімен ұшып келгені хабарланған еді. Ол Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Тілеухан Әбілдаевтың мәліметінше, қазіргі кезде Алматыда барлығы 729 адам провизор орталықтарында карантинде, 760 адам үй карантинінде.
Қазіргі жағдайда Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 27 адамға жетті. Нұр-Сұлтанда инфекцияның 14 жаңа жағдайы анықталды. Ондағы науқастардың жалпы саны 16-ға жетті. Алматыда 11 науқас емделіп жатыр.