Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады

Қазақстан Президенті коронавирус инфекциясының таралуы дүниежүзін алаңдатып отырғанын айтты. Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған тоғыз науқас тіркеліп отыр. Вирус сырттан келді.

Бұл індет күннен күнге ушығып барады. Өкінішке қарай, осы дерт біздің елімізде де тіркелді. Менің кешегі жарлығыммен бүгін таңғы 08.00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады. Президент жанынан мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады. Барлық қажет алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент азаматтардан сабыр сақтап, елде енгізілген төтенше жағдай режиміне, шектеулерге төзуді өтінді.

Көптеген азаматтың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін. Дегенмен бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз. Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз. Бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра береді. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады. Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Сонымен бірге азаматтар отбасылық шараларды өткізбегені жөн деп санаймын, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге азаматтарды коронавирус белгісі байқалған жағдайда бірден дәрігерге көрінуге және жауапты мекемелердің қызметіне түсіністікпен қарап, оларға кедергі келтірмеуге үндеді.

Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл — уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек. Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауға тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматы өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек. Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет, — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл кезеңде Үкімет экономика ахуалын бақылауға алады. Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуы жөнінде жалған ақпарат таратпауды, елді дүрліктірмеуді және арандатпауды да ескертті.

Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемесін орындайды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бұған қажет қорымыз қалыптасты. Қаражат бар. Осы орайда азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді. Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек. Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан, бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді! — деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телевизиялық үндеуі

? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телевизиялық үндеуі? http://www.akorda.kz/kz/speeches/internal_political_affairs/in_speeches_and_addresses/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-televiziyalyk-undeui? Телевизионное обращение Главы государства Касым-Жомарта Токаева? http://www.akorda.kz/ru/speeches/internal_political_affairs/in_speeches_and_addresses/televizionnoe-obrashchenie-glavy-gosudarstva-kasym-zhomarta-tokaeva

Опубликовано AkordaPress Понедельник, 16 марта 2020 г.

Еске салайық, 16 наурыз күні сағат 08.00-де Қазақстанда төтенше жағдай режимі күшіне енді. Режим сәуірдің 15-індегі 07.00-ге дейін жалғасады.

Төтенше жағдай режимі кезінде аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және  ерекше қорғалатын объектілердің, сонымен бірге халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі; ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылады; сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылады; санитария-эпидемиология шаралары күшейтіледі; ойын-сауық,  спорттық  және басқа да бұқаралық іс-шараларды, отбасылық,  салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынады; Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге және ел аумағынан шығуға шектеулер белгіленеді.