Министрлік ірі сауда нысандарының қызмет етуін санитария қауіпсіздігі шараларын күшейте отырып, сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін шектеуді, сауда нысандары аумағында кинотеатрлар, балалар орталықтары мен басқа да ойын-сауық алаңдарын жабуды ұсынып отыр. Ал азық-түлік дүкендері, супермаркеттері мен азық-түлік базарлары әдепкі режиммен жұмыс істегенімен оларда санитария және дезинфекция шаралары күшейтілуі керек.

Нан және кондитер өнімдері қаптамаға оралған күйде ғана сату керек, — делінген ведомствоның Facebook-парақшасындағы хабарламада.

Министрлік азық-түліктен басқа тауар сатылатын базарлардың жұмысын 11.00-ден 17.00-ге дейін шектеуді және оларда санитария-дезинфекция шараларын күшейтуді ұсынып отыр.

Еске салайық, 16 наурыз күні сағат 08.00-де Қазақстанда төтенше жағдай режимі күшіне енді. Режим сәуірдің 15-індегі 07.00-ге дейін жалғасады.