Асхат Садырбай: Жаңа заң жобасында журналист мәртебесі мен құқығы ескерілген 

Team Qazaqstan республикалық жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы, тележурналист Асхат Садырбай заң жобасын талқылауға қоғамның қызығушылық танытқанын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат ақпарат агенттігі хабарлады.

Жаңа заң жобасы қоғамда қызу талқыланды. Бұл — жақсы үрдіс, себебі талқылау болса, қызығушылық та артады. Заң жобасына қатысты жиындарға бірнеше рет қатыстым, сол кезде елеулі ұсыныс, пікірталас байқадық, — деді Асхат Садырбай Парламент Мәжілісінде тілшілерге берген сұхбатында.

Журналист митингілерде БАҚ өкілдерінің қауіпсіздігі маңызды екенін де айтты.

Заң жобасында журналистердің митингіге қатысты құқығы мен міндеті көрсетілген. Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына журналистердің құқығы мен міндеті туралы бап қажет пе? Менің ойымша, мұндай бап қажет. Себебі дәстүрлі БАҚ қазір өзгеріп бара жатыр. Ғаламтор, әлеуметтік желі қарыштап дамып кетті. Қазір мақала жариялау үшін қалтадағы смартфонның өзі жеткілікті. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығу мүмкіндігі пайда болды. Осы тұста журналистерге қатысты заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар қажет деп ойлаймын, — деді Асхат Садырбай.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, құжат жобасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, оған қатысушылардың құқығы мен міндеті нақты айқындалады.

Ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқығы мен міндеті нақты айқындалатын болады. БАҚ саласындағы өкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысатын журналист қызметінің ережесін, журналистік айырмашылық белгісі формасын қабылдайды. Оған қоса, бейбіт жиналыс өткізу ыңғайлы болуы үшін ұйымдастырушылардың да айырмашылық белгісі формасы қабылданады, — деді Дәурен Абаев.

ДереккөзInform.kz