Басты бетЖаңалықтарМасанчи ауылында...

Масанчи ауылында табылған мәйіт кімдікі екені анықталды

Полиция мәйітке жасалған генетика сараптамасының нәтижесін жария етті.

Генетика сараптамасының нәтижесі бойынша 11 ақпанда Масанчи ауылындағы өртенген коммерция нысанынан табылған күйген мәйіт кімдікі екені белгілі болды. Ол — із-түссіз жоғалған деп есептелген 20 жастағы Мұрат Масанов, — деп хабарлады полиция департаментінің өкілдері.

9 ақпанда марқұмның әкесі баласының жоғалып кеткенін хабарлаған. Бұл дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Күйген мәйіт 11 ақпан күні Масанчи ауылындағы сауда базары орнынан табылды.

2020 жылдың 11 ақпан күні сағат 12.07-де Жамбыл облысы полиция департаментінің кезекші бөліміне Қордай ауданының Масанчи ауылында сауда орталығы ғимаратын (өрттен кейін шатыр құлаған), тазарту кезінде қираған үйінді астынан адамның күйген денесі табылды, – деп жазды оқиға орнында жұмыс істеп жатқан Үкімет комиссиясының баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов.

Масанчи ауылында 300-ге жуық адам қатысқан жаппай төбелес 7 ақпанда болды. Тәртіпсіздікке Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарының тұрғындары да қатысты. Қақтығысушы топтар металл бұйымдар, тас пен атыс қаруын қолданған.

Жанжал кезінде тәртіп сақшылары да зардап шекті, екі полицейге оқ тиді. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тапты. 39 үй, 20 дүкен мен 47 автокөлік жанып кетті.