Иллюстрациялау бойынша І республикалық байқау Қазақстан жазушысы Герольд Бельгердің жеті әңгімеден тұратын «Қасқыр, Чапа және басқалар» атты кітабына арналды. Байқауда 100-ге жуық жас суретші осы әңгімелер сюжетін бейнелеу туындысына айналдырды. Олар — мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2-курс студенттері.
Байқауда үздік деп танылған 24 бейнелеу шеберінің туындысы музейде ашылған көрмеге қойылды, сонымен бірге олар Герольд Бельгердің үш тілде жарық көретін «Қасқыр, Чапа және басқалар» атты әңгімелер жинағына енеді.
14 жастағы Әмина Әмірбек — Алматыдағы Almaty Tutoring балаларды дамыту орталығындағы By ArT студиясының оқушысы. Бейнелеу өнері курсына қатысып жүргеніне 2 жыл болған. Көрмеде Әминаның үш жұмысы ілініп тұр. Оның бірі — Томирис патшайым бейнеленген картина, қалған екеуі — иллюстрация байқауына арнап салған туындысы. Байқауда Әмина Герольд Бельгердің «Сухари» және «Чапа» атты әңгімелерін бейнелеген. Олар 24 үздік картинаның қатарына еніп отыр.
«Сухари» әңгімесінде соғыс кезіндегі әке мен баланың хат алмасқаны баяндалады. Кішкентай бала соғыс не екенін, оның қайғы мен қасіретке толы екенін түсінбейді. Ол тек әкесінен келген хатқа қуанып жүреді. Мен картинам арқылы сол баланың риясыз көңілін, сезімін жеткізгім келді. Екінші әңгімеде таңертең Чапа есімді тасбақа үйге баяу кіріп бара жатқаны айтылады. Мен соны суретпен жеткіздім. Бұл суретті салу барысында сол заманның көрінісін көрсетуге тырыстым, — дейді жас суретші.
Әмина көбіне тушьпен және қара гель қаламмен сурет салады. Ол әсіресе графика және батик жанрында салғанды ерекше ұнатады. Болашақта интерьер дизайнері болғысы келеді.
12 жастағы Әдия Жаналиеваның картинасын да байқаудың қазылар алқасы ерекше бағалады. Ол жазушының «Қасқыр» әңгімесін қағаз бетіне түсірген. Әдияның айтуынша, ол туындысында кәрі ит пен оның иесінің арасындағы махаббатты бейнелеген.
Әңгімеде кейіпкер өзінің кәрі иті қиналып жатқанын көріп, оны мәңгі ұйықтатып тастамақшы болады, бірақ батылы жетпей, көп ойланады. Себебі адам мен ит арасындағы достық пен махаббат терең. Екеуінің бірге өткерген сәті көп. Суретте сол нәрсені көрсеткім келді, — дейді Әдия Жаналиева.
Almaty Tutoring орталығының оқытушысы, дизайнер-сәндеуші Ажар Төлеубаеваның айтуынша, оқушылардың жұмысын іріктеу кезінде автордың шығармашыл көзқарасы, ойдың бірегейлігі, орындау техникасы, композицияның болуы, түс гаммасы, орындалу сапасы, сюжеттің құрастырылуы ескерілген.
Байқаудың мақсаты — авторлық иллюстрация жасау, Герольд Бельгердің балаларға арналған туындыларын көпке насихаттау, балалардың оқуға деген ынтасын арттыру, оқыған әңгімесін қағазға түсіру арқылы қиялдау қабілетін дамыту, — дейді суретші балалар көрмесін ұйымдастырушы.
Ажар Төлеубаеваның айтуынша, баланың Герольд Бельгердің шығармасын оқып-оқымағаны салған суретінен бірден білінеді.
Балалардың кейбірі әңгімені оқымай сурет салғаны байқалады. Мысалы, олар әңгімедегі үйді жаңа етіп салып қойған немесе кейіпкерге қазіргі заманғы аяқкиім «кигізген». Ал әңгімені оқыған балалар суреттің әрбір деталіне мән берген, — дейді дизайнер-сәндеуші.
Көрмеге келушілер байқауға қатысқан туындылармен бірге Almaty Tutoring орталығының By ArT студиясы оқушыларының әртүрлі техникамен орындаған 300 картинасын да тамашалайды. Сонымен бірге 1800-ден астам аударма мен 50-ден астам төл шығарманың авторы Герольд Бельгер туралы мағлұмат алады. Көрме 16 наурызға дейін жалғасады.