«Азаттық» радиосының» хабарлауынша, Сайрагүл Сауытбайға марапатты 4 наурызда Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп табыстады.
Майк Помпео марапаттау рәсімі кезінде «Сайрагүл Сауытбайға бас иеміз. Ол бұрын дәрігер болған. Ол шындықты айтқаны үшін отбасынан ажырап, қамалып, қысым көрді, өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Ол — Қытайдың Коммунистік партиясының Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарсы қысымы жайлы ашық айтқандардың бірі. Сайрагүл Сауытбай Шыңжаң лагерьлері туралы ақпаратты қорықпай айтты және қазір де лагерьде қамалып шыққандар мен олардың туыстарына қамауда көргендерін ашық айтуға жігерлендіріп жүр, — деді.
АҚШ мемлекеттік департаменті бұл сыйлықты бейбітшілік, әділдік, адам құқығы, гендер теңдігі, әйелдер құқығы үшін күресіп, өмірін қауіпке тіккен әйелдерге береді.
Сайрагүл Сауытбаймен бірге биыл бұл марапатты Ауғанстанның құқық қорғаушысы, саясаткер Зарифа Гафари, Арменияда балалар мен әйелдер құқығын қорғап жүрген Люси Кочарян, Әзірбайжандағы билік қуғындаған құқық қорғаушылар мен журналистерді қорғап жүрген адвокат Шахла Гумбатова, Боливиядағы жемқорлық, демократия мәселесін жазып жүрген журналист Ксимена Галарза, ауыл әйелдерінің құқығы мен бостандығы үшін күресіп жүрген Буркино-Фасо белсендісі Клэр Уэдраого, Малайзияның діни бостандық үшін күресіп жүрген құқық қорғаушысы Сюзанна Лью, Никарагуа билігін сынағаны үшін қамалып шыққан саяси тұтқын Амая Коппенс, Пәкістанның әйелдер мен балалар құқығын қорғаушысы Жалила Хайдер, Башар Асад режимінің түрмесінде отырып шыққан, Сирияда із-түссіз жоғалып кеткендердің отбасына көмектесіп жүрген Амина Хулани, Йемендегі балалардың соғысқа қатысуына қарсы күресіп жүрген журналист Ясмин әл-Кадхи және Зимбабведе әйел теңдігі мен гендерлік теңдік үшін күресіп жүрген құқық қорғаушы Рита Ньямпинга алды.
Марапатталған әр әйел басқаларға көмектесу үшін батылдық танытып, өмірін қатерге тікті, — деді Мелания Трамп.
Сайрагүл Сауытбай — АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұл сыйлығын иеленген екінші қазақ. 2018 жылы «Халықаралық батыр әйелдер» сыйлығына Қазақстан заңгері, адвокат Айман Омарова ие болды.
Бұл сыйлықты Қырғызстандағы 2010 жылы 7 сәуірдегі оқиғадан соң билікті уақытша қолына алған Роза Отунбаева да алған.
Сайрагүл Сауытбай Қытайдың Шыңжаң өлкесі Іле қазақ автономиялық ауданында дүниеге келген. Дәрігер мамандығы бойынша білім алып, Шыңжаңда дәрігер, оқытушы болып жұмыс істеген. 2016 жылы ол отбасымен Қазақстанға көшкісі келгенде Қытай билігі Сайрагүлдің төлқұжатын алып қойған. 2017 жылдың қарашасынан 2018 жылдың наурызына дейін Қытай билігінің бұйрығымен Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде (БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық мұсылмандарды қамаған) мұғалім болып жұмыс істеген. Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы наурызда Қорғас бекетінен Қазақстанға заңсыз шекара бұзып өткен.
Ол мемлекеттік қызметкер ретінде Қытайдан шыға алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғанын айтты. 2018 жылы тамызда Жаркенттегі сот Сайрагүл Сауытбайды «шекара бұзу» айыбымен 6 ай шартты жазаға кесіп, елде қалдырды. Судья үкім шығарарда Сайрагүл Сауытбайдың отбасымен қауышу мақсатында шекара бұзғанын, күйеуі мен екі баласының Қазақстан азаматы екенін ескерген. Сотталушы Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен ресми Нұр-Сұлтан оған бұл статусты бермеді. Кейін ол Швецияға кетіп, қазір сонда тұрып жатыр.