Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке берген тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметшілер үш демалыс күнінен айырылатын болды. Бұл туралы Uchet.kz мәліметіне сүйенген Tengrinews.kz хабарлады.
Әйелдердің халықаралық күніндегі демалыс жексенбіден дүйсенбіге ауысуы керек еді, бірақ жаңа ереже бойынша мемлекеттік қызмет үшін мерекеден кейінгі дүйсенбі жұмыс күні болып қала береді.
Президенттің тапсырмасы күшіне енсе, мемлекеттік қызметшілер Наурыз мерекесіне орай 23-24 наурыз — дүйсенбі және сейсенбі күндері берілетін демалыстан да қағылады. Наурыз мейрамында Қазақстандағы мемлекеттік мекемелер қанша күн демалатыны әлі нақтылана қойған жоқ.
Конституция күні де биыл жексенбіге сай келеді, бірақ 31 тамыз — дүйсенбі де мемлекеттік қызметшілер үшін демалыс болмауы мүмкін.
Құрбан Айт, Тәуелсіздік күні, Астана күні, Тұңғыш Президент күні және Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелері жұмыс күндеріне сай келіп тұр. Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күніне орай Қазақстан азаматтары 7, 8, 9 мамыр, яғни бейсенбі, жұма және сенбі күндері демалады.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мереке күндері демалыс күндеріне сай келгенде оны жұмыс күніне ауыстырмауды тапсырды.