Ақорда сайтының хабарлауынша, Президент пен Сума Чакрабарти банк пен мемлекет арасындағы қатынастардың перспективаларын, оның ішінде бірлескен инвестиция жобаларының жүзеге асырылу барысын талқылады.
Тараптар коронавирус індетінің теріс әсері жағдайындағы әлемдік экономиканың дамуы туралы да пікір алмасты.
Сума Чакрабарти Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеніне бір жыл толуымен құттықтап, осы аралықта елде атқарылған саясат және экономика реформаларына, әсіресе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына жоғары баға берді.
Лондондағы бас кеңсеміздің командасы мен Қазақстандағы өкілдіктің пікірінше, сіздің біліміңіз бен халықаралық қатынастардағы мол тәжірибеңіз еліңіздің дамуына елеулі үлес қосады. Біз сіздің барлық бастамаңызды қолдаймыз, Президент ретінде бір жылда атқарған табысты жұмыстарыңызға ризамыз, — деді Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы.