Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын бостандыққа шығады

Zakon.kz тілшісінің хабарлауынша, сот оның шартты түрде мерзімнен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды.

Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылсын, — деді судья Жанат Әбенова.

Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, Мұхтар Жәкішевтің өтінішін Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады. Сот отырысына сотталушыны әкелмеді, ОВ-156/14 түзеу мекемесінен видеоконференция жасалды.

Қазақстан азаматы ретінде негізгі өтінішім — маған Қазақстан Республикасында қабылданған заңдар қолданылсын, — деді Мұхтар Жәкішев.

Сотталушының түрмедегі тәртібі үшінші оң дәрежеге ие, бұл — жоғары деңгей. Түрме қызметкерлері видеоконференция барысында оның жақсы тәртібі үшін жеті рет мадақталғанын растады. Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, түзеу мекемесінде сотталушының гипертониясы 24 рет асқынған. 2020 жылдың 6 ақпандағы медициналық анықтама бойынша Мұхтар Жәкішев басқа да аурулармен ауырады, денсаулығы нашар.

Мұхтар Жәкішев 13 ақпан күні мерзімнен бұрын босатуды сұрап, тағы бір өтініш берген еді. Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев іс жөнінде түсінік беріп, сот әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы 2009 жылы «ірі уран кен орындарындағы мемлекет үлесін сатты» деген айыппен ұсталды. 2010 жылы сот оны мемлекет мүлкін талан-таражға салуға және пара алуға айыпты деп таныды. Мұхтар Жәкішев 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

2018 жылдың 28 қарашасында Мұхтар Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш берді, бірақ ол мемлекетке 99,6 миллиард теңге көлемінде шығын өтемегендіктен Семей соты өтінішті мақұлдамады. 2019 жылдың 24 шілдесінде сотталушы мерзімінен бұрын босатуды тағы сұрады.