МӘМС жүйесі туралы диалог барысында қандай сұрақтар қойылды?

25 ақпанда Baribar.kz оқырманының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы сұрақтарына Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Тілеухан Әбілдаевпен тікелей эфирде жауап берген еді. Онлайн конференцияның толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сұхбаттан МӘМС аясында тегін әрі сапалы медицина көмегін алу мен жүйеге жарна аудару туралы толық мағлұмат ала аласыздар.

Төменде редакцияның құрметті қонағымен жүргізген сұхбаттың мәтін нұсқасын да ұсынамыз.

Димаш Зиядин: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не? Ол қалай жұмыс істейді? Оның қоғамға қандай пайдасы бар?

Тілеухан Әбілдаев: МӘМС жүйесі елімізде денсаулық сақтау саласының, әсіресе оны қаржыландырудың тұрақтылығын, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сақтандыру медициналық қызмет сапасын жоғарылатуға ықпал етуі тиіс. Бұл бір күнде қабылданған шешім емес, оған жылдар бойы дайындық жүргізілді. Жүйені енгізбей тұрып әлемдік тәжірибе сарапталды, бізге ыңғайлысы таңдап алынды. Біз әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат тұтқан елміз. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін мемлекеттердің бәрінде медициналық сақтандыру енгізіліп, қалыптасқан. Онда медицинаның даму деңгейі де өте жоғары. Себебі, сақтандыру – қосымша қаржы көзі. Өкіншке орай, біздің елде денсаулыққа бөлінетін қаржы мөлшері төмен. Мысалы, 2017 жылғы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанның денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығындардың 40%-тен астамы азаматтардың қалтасынан шыққан. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынысы бойынша, бұл шығын 20%-тен асса, елдегі денсаулық сақтау саласының ғана емес, экономикасының да тұрақсыздығын көрсетеді. Енді 2-3 жылда халықтың жеке шығындарын екі есе төмендетеміз деген үмітіміз бар.

Сақтандыру жүйесі енгізілгеніне екі айдан асты, еліміздегі медицина ұйымдарының көбі сақтандырумен жұмыс істеп жатыр. Бұрын қаржы тапшылығына байланысты елімізде денсаулықты қалпына келтіру, медициналық реабилитация қызметтерінің дамуы кенжелеп қалғаны рас. Ал, биыл медициналық сақтандырудың арқасында осы салаға бөлінетін қаражат көлемі тоғыз есеге артып отыр. Былтыр реабилитациялық көмек көрсететін ұйымдар саны Алматы қаласында төртеу ғана болатын, биыл олардың саны 62-ге жетті. Сонымен қатар, консультативтік-диагностикалық көмекке бөлінетін көлемі 5 есе өсті. Кейбір қымбат тұратын магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография сынды зерттеу түрлерін, лабораториялық зерттеулер мен анализдерді де сақтандыру пакеті шеңберінде тегін тапсыруға болады.

Димаш Зиядин: МӘМС қалай жұмыс істейді? Жарна төлеу, сосын қызметке жүгіну схемасы қандай?

Тілеухан Әбілдаев: Әуелі мына нәрсені айтып кеткім келеді: мемлекет тарапынан берілетін тегін көмек бұрынғыша сақталады. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін көмек пакетін Қазақстанда тұратын барлық азамат пен елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алады. Биылдан бастап Қазақстанда медициналық көмек қос пакет бойынша көрсетіледі. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Ол жедел және шұғыл көмек көрсетуге, сонымен қатар қоғамдық маңызы бар ауруларды бақылауда ұстауға бағытталған. Екіншісі – сақтандыру пакеті өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының негізін қалауға бағытталған.

Мысалы, науқасқа операция жасау керек болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық қызмет түрлері, оңалту және денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері кіреді. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс.

Димаш Зиядин: Жедел араласуды қажет ететін, белгілі-бір топқа жататын ауруға шалдыққан адамдар бұрынғыша тегін емделеді дедіңіз. Ал, қалған сырқаттарды емдеу, диагностикалық көмек сақтандыру пакетіне енеді ғой?

Тілеухан Әбілдаев: Иә, дұрыс айтып отырсыз. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген көмек былтырғыдай сақталады десек, қателеспейміз. Жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Бір қызмет пациенттің жағдайына қарай тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетілуі мүмкін. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, ал, жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн.

Димаш Зиядин: Қорға жыл бойы ақша төледім делік, бірақ дәрігерге жүгінбеген болсам жиналған ақшаны қайтарып ала алам ба? Адамдар дәрігерге барған-бармағанына қарамастан аударып отыруға міндетті ме?

Тілеухан Әбілдаев: Сұрағыңыз орынды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жинақтау қоры емес. Қаржы тілімен айтқанда, ол қысқа ақшамен жұмыс істейді, яғни ақшаны жинақтайды, бірден халыққа көрсетілген медициналық қызмет үшін төлеп тастайды. Қаражат қорда жатпауға тиіс. Сонымен қатар зейнетақы қорындағы сияқты дербес шот болмайды. Қазақстан жинақтау жүйесінен бас тартып, ортақ жауапкершілік принципіне негізделген жүйені таңдап алды. Себебі төленетін сақтандыру жарналарының мөлшері көп емес және бір адамның жинақтаған ақшасы медициналық қызметтің негізгі деген түрлерінің ақысын төлеуге де жетпейді. Дегенмен біз бұл жерде сақтандыру жайлы сөз болып отырғанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, біз көлігімізді жол апаттарынан, төтенше жағдайлардан міндетті түрде сақтандырамыз. Дегенмен ешкім жол апатына түспесе де жылдың соңында «ақшамды қайтарып бер» демейді ғой. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру да осы тәртіп бойынша жұмыс істейді. Әлемнің өзге елдерінде де солай, ақша қайтарылмайды. Ауырмаған адамның ақшасы сырқаттанып қалған адамдарды емдеуге жұмсалады.

Димаш Зиядин: Мемлекет қандай топтарды сақтандырады?

Тілеухан Әбілдаев: Мемлекет сақтандыруды енгізу арқылы жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Керісінше, жыл сайын тегін медициналық көмекке бөлінетін 1 триллион теңгеге қоса, 15 санат үшін қорға жарна аударады. 2020 жылы мемлекеттен аталған санаттар үшін 283 миллиард теңге қаржы аударылуы тиіс. Бұл тізімге 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен ардагерлері, ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат тәрбиеленушілері, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағы аналар, мүгедектер, мүгедек бала күтімімен айналысатындар, студенттер, тергеу изоляторларында отырғандар, жұмыссыз оралмандар жатады. Олардың жалпы саны 11 миллионға жуықтайды.

Димаш Зиядин: Жұмыссыз жүрген азаматтар қайтеді? Олар жарнаны қалай төлейді?

Тілеухан Әбілдаев: Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелген жұмыссыз азаматтар 15 санаттағы жеңілдігі бар азаматтар қатарына кіреді, яғни мемлекет тарапынан сақтандырылады. Ал жұмыссыз жүріп, түрлі себепке байланысты ресми тіркеле алмаған жұмыссыздар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады Қазір елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1 миллионға жуық адам бар. Олар сақтандыру жүйесіне екі түрлі жолмен қатыса алады.

Біріншісі, ресми жұмыс істемейтін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде қызмет көрсетпейтін тұлғалар жарнаны «өз бетінше» төлей алады. Жарна мөлшері 1 ең төменгі жалақының 5% құрайды. Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге, оның 5 проценті – 2125 теңге.

Екіншісі – бірыңғай жиынтық төлем. Бірыңғай жиынтық төлем елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің: 40% – Медициналық сақтандыру қорына; 30% – Зейнетақы қорына; 20% – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына; 10% – табыс салығына аударылады.

Димаш Зиядин: МӘМС жүйесі арқылы дәріні тегін алуға бола ма? Әлде тек ем алу, оңалту тегін бе?

Тілеухан Әбілдаев: Орынды сұрақ. Жүйенің аясында халыққа амбулаториялық, емханалық деңгейде берілетін дәрілердің көлемі едәуір ұлғайды. Оған кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмекті қосыңыз. Жаңа сақтандыру пакетінің аясында көмек алатындардың тізімін Денсаулық министрлігі қайта қарап, жаңа тізбесін жасады. Осы жаңа тізбенің аясында екінші пакетте берілетін дәрінің тізімі анықталды. Осыған байланысты қазір амбулаториялық деңгейде осы тізбеге кіретін аурулардың тізіміне 18 жасқа дейінгі балалар да қосылды.

Димаш Зиядин: Жұмыс берушінің жарна төлеу міндеті қандай нормативтік акті негізінде реттеледі?

Тілеухан Әбілдаев: Әр жұмыс беруші айдың 15-іне дейін өзінің жұмысшыларына табыс көлеміне қарай қорға жарна аударып отыруға міндетті. Мысалы, биыл жалдамалы жұмысшылар үшін жалақының 2% көлемінде аударым жасауға тиіс. Ал жұмыскер жалақысынан 1% ұстап Қорға аударады. Мұның бәрі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң арқылы реттеледі. Заң талаптарының орындалу барысын түрлі мемлекеттік органдар қадағалап отырады. Орындалмаған жағдайда заңды тұлғаларға әкімшілік шара қолданылады.

Димаш Зиядин: Ай сайын жалақымнан сақтандыру арнасын ұстап қалады. Бірақ медициналық көмекті тегін ала алмай отырмын. Себебі неде? Қайда шағымдануға болады?

Тілеухан Әбілдаев: Біріншіден, әр адам өзінің құқықтары мен міндеттерін білуі керек. Көмек көрсетілмесе немесе оның сапасы көңіліңізден шықпаса шағымдануға толық құқыңыз бар. Жалпы, барлық адам тұрғылықты жеріне байланысты бір емханаға тіркелуі керек. Сол емхана арқылы олар учаскелік дәрігердің қабылдауына кіреді. Сол дәрігерлер адамның қандай емді тегін ала алатынын айтып, жолдама береді. Мысалы, стационарды алмастыратын көмекті емханалық деңгейде анықтайды. Ал тәуліктік стационарға жатқызу үшін Ауруханаға жатқызу бюросы арқылы кезекке қояды. Дәрігер пациенттің өзі қалаған клиникаға, ауруханаға жоспарлы түрде жатып емделуін қамтамасыз етуге міндетті. Мысалы, емхана тарапынан қазір көп клиникалық, диагностикалық көмекке, оның ішінде салалық мамандардың қабылдауы, ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, лабораториялық зерттеулерге қаржы қарастырылған. Емханадағы дәрігерлер осы көмекті тегін көрсетуге міндетті. Тіпті, Сақтандыру қорымен жұмыс істейтін жекеменшік клиникаларды да таңдауға болады. Құқығы аяқ-асты болған азаматтар Қордың Алматы қалалық филиалына немесе 1406 байланыс орталығына шағымдана алады. Сонымен қатар, Қордың «Халықтық бақылау» деген қосымшасы бар. Осы қосымша арқылы да шағым қалдыруға болады. Қор медицина ұйымдарының жұмысын бақылайды, мониторингтік тексеру жүргізеді. Оларға шара қолдану арқылы азаматтарға тегін медициналық көмектің берілуін қадағалайды. Сонымен қатар алматылықтар біздің Қоғамдық денсаулық басқармасына да шағымдана алады. Біз өз қарамағымыздағы мекемелерге қатысты туындаған мәселелерді шешуге тырысамыз. Бұдан бөлек, халыққа көрсетілетін көмектің сапасын тексеретін департамент бар. Осы департаментке шағымдануға болады.

Димаш Зиядин: МӘМС жүйесінде созылмалы ауруларды емдеу қарастырылған ба?

Тілеухан Әбілдаев: Жалпы, қауіпті, қоғамдық маңызы бар және 25 топқа жататын созылмалы аурулар диспансерлік қадағалауды, дәрігердің тұрақты бақылауын қажет ететін аурулар кепілдендірілген медициналық көмек аясында емделеді. Одан басқасы сақтандыру пакетінің аясында көрсетілетін дәрігерлік көмекті, стационарлық және стационарды алмастыратын қызметті алуына болады. Тиісті көрсетілімдер болса тәулік бойғы стационарда жатып емделе алады.

Димаш Зиядин: Оқырманнан сұрақ: Ағам зауытта жұмыс істейді. Асқазанында ойық жара бар. Амбулаторияға емделуге барып тұруы керек. Осы аурудың кесірінен жұмыстан шығып қалса, ол тегін емделе ала ма?

Тілеухан Әбілдаев: Елімізде ауырып қалған адамның жұмыстан айырылып қалмауына, емделуіне жағдай жасайтын заңдық құжаттар бар. Оған қоса, қандай ауруға шалдықса да, емханадағы дәрігердің жолдамасы арқылы стационарда емделіп шығуына, қажет болса, операция жасатуына толық мүмкіндігі бар. Сақтандыру жүйесінен «шығып» қалуға түрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Мысалы, адам жұмыстан шығып қалды делік, жұмыс беруші ол үшін жарна төлеуді тоқтатады. Мұндай жағдайда, ол алдағы үш айда сақтандыру пакетін пайдалана алады. Осы аралықта жаңа жұмыс іздеп, жарнаны қайта төлей бастауға мүмкіндігі болады.

Димаш Зиядин: Жарнаның төленген-төленбегенін қайдан білуге болады?

Тілеухан Әбілдаев: Әр адам өзінің атына жарна аударылған-аударылмағанын біліп алғаны дұрыс. Оны Egov.kz порталы, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы білуге болады. Одан бөлек, азаматтың статусын емханалар да анықтап бере алады. Ол үшін азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі болса жетіп жатыр. Қордың сайтында арнайы плагин бар, сонымен қатар, Telegram, Whatsapp әлеуметтік желісіндегі боттардың көмегіне жүгінуге болады.

Димаш Зиядин: Емханаға тіркелу мәселесі қалай шешіледі?

Тілеухан Әбілдаев: Емханаға электронды үкіметтің Еgov.kz порталы арқылы тіркелуге болады. Оған электронды цифрлық қолтаңба қажет. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы да емханаға тіркелуге мүмкіндік бар. Біздің емханаларда Еgov.kz порталын қолдануға көмектесетін, кеңес беретін қызметкерлер отырады. Ал мүгедектер мен зейнеткерлер емхана басшыларына арыз жазу арқылы тіркелуіне болады. Елімізде жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емханаға тіркеу науқаны өтеді. Осы уақытта келесі жылы қызмет көрсететін емхананы таңдап алуға болады. Оның қызметі көңіліңізден шықпаса, әр азаматтың жылына бір рет еркін түрде емхана таңдау құқығы бар. Емхананы басқа жерге көшкенде де ауыстыра аласыз. Бірақ сіз тіркелетін мекеме МСҚ-мен келісімшарт бекіткен болуы шарт. Олардың тізімін Қордың Fms.kz сайтынан табасыз. Бірақ тіркелген кезде үйге жақын маңдағы, өзіңіз тұратын аудан шеңберіндегі емханалардың/клиниканың бірін таңдауыңыз қажет.

Димаш Зиядин: Катарактаға жасалатын операцияны МӘМС арқылы жүргізу мүмкін емес дейді. Түркістан облысы, Отырар ауданының тұрғыны Шымкентке жіберуі тиіс дейді. Осы азаматтың мәселесіне байланысты кеңес айта аласыз ба?

Тілеухан Әбілдаев: Түркістан облысында катарактаға операция жасауға мүмкіндік болса, операцияны тіркелген емхана арқылы жасатуға болады. Шамасы, Түркістанда мүмкіндік болмаған соң пациентті Шымкенттегі клиникаға жіберіп отырса керек. Егер азамат өзі басқа қаладағы клиниканы таңдаса, емхана оны сол мекемеге кезекке қоюға міндетті.

Димаш Зиядин: Ауырған кезде мені өзім тіркелген емханада емдей алмаса, емді басқа ауруханада қабылдай аламын ба?

Тілеухан Әбілдаев: Тәулік бойғы стационарды таңдай аласыз. Бірақ емдік-диагностикалық шараларды өзі тіркелген емханасы арқылы ғана ала алады. Себебі біз емханалардың мәртебесін көтердік. Емханада түрлі қызметке қаржы бөлінген, қаржы емхананың өзіне беріледі. Сондықтан емханаға тіркелген адам тексерілу, аурудың түрін анықтау, ауруханаға жатып емделу керек болса, дәрігерлер оған жолдама беріп, қалаған клиникасына жатқызып, емдеуге жағдай жасауы тиіс.

Димаш Зиядин: Оқырманымыздан мынадай сұра келіпті. Әкем ауылда тұрады, жұмыс істемейді. Оған поштаға барып, шот ашып, ай сайынғы жарнаны — 1600-1700 теңге төлеу керек деп айтыпты. Әйтпесе, медициналық көмек көрсетпейміз деген көрінеді. Бұл қаншалықты дұрыс?

Тілеухан Әбілдаев: 1600-1700 теңге деп көрсетуінің өзі орынсыз. 1 сәуірге дейін еліміздегі барлық азаматтар сақтандырылған болып саналады. Сондықтан екі пакет шеңберінде көрсетілетін барлық медициналық қызметті тегін алуға құқылы. Бұл — азаматтардың жүйенің нәтижесін, тиімді тұстарын, халыққа бағытталғанын сезінуі үшін қолға алынған қадам. Сонымен қатар осы үш айда тұрғындар өзіне жақын емханасына барған кезде жүйенің артықшылығы туралы үгіт-насихат жүргізіліп, қолайлы тұсы туралы түсіндіріліп жатыр. Емханаларға ақпараттық көрнекі құралдар, халыққа түсінікті болуы үшін сондай брошюралар беріледі. Жоспар бойынша, 1 сәуірге дейін халықтың біраз бөлігі, табысын тіркемеген азаматтар жүйеге қосылады деп үміттенеміз. Жүйеге қосылу қиын емес. Қазір Қормен жұмыс істейтін клиникалар мен емханалар «Киви», «Касса24» терминалдарын орнатып жатыр. Жарнаны Kaspi.kz қосымшасы арқылы да төлеуге болады. Ақша төлегеннен кейін 5 минут ішінде пациентке «сақтандырылған» деген статус беріледі, содан кейін ол сақтандыру пакетіне енетін қызметтерді де бірден пайдалана алады.

Димаш Зиядин: Жұмыс берушінің жарна төлеп отырғанын қайдан білуге болады?

Тілеухан Әбілдаев: Оны Egov.kz порталы, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы білуге болады. Сонымен қатар азаматтың статусын емханалар да анықтап бере алады. Ол үшін азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі болса жетіп жатыр. Қордың сайтында арнайы плагин бар, сонымен қатар, Telegram, Whatsapp әлеуметтік желісіндегі боттардың көмегіне жүгінуге болады.

Димаш Зиядин: Ультрадыбыстық зерттеу, МРТ қызметі сақтандыру пакетіне кіре ме? Мұндай көмекті алу үшін не істеу керек?

Тілеухан Әбілдаев: Бұрын ультрадыбыстық зерттеу, диагностикалық томография, МРТ-дан өту мүмкіндігі тек бір топтарға ғана берілетін. Биыл зерттеудің бұл түрлері дәрігердің жолдамасымен барлық азаматқа сақтандыру пакеті арқылы көрсетіліп жатыр. Тек тұрғындар учаскелік дәрігерге, өзі тіркелген емханадағы жалпы практика дәрігеріне уақытылы көрініп тұруды ұмытпағаны жөн.

Димаш Зиядин: Адам екі-үш жерде жұмыс істесе, барлық табысынан жарна төлеуге міндетті ме?

Тілеухан Әбілдаев: Азамат бірнеше жерде жұмыс істейтін болса, табысының тек 10 ең төменгі жалақы көлеміндегі бөлігіне ғана жарна аударады, яғни жарна алынатын табысқа шектеу бар. Сондықтан бірнеше жерде жұмыс істейтіндер жұмыс берушіге ертерек ескертуі керек. Басшысына төлемеу туралы арыз жазса, жарна төлеу міндетінен автоматты түрде босатылады.

Димаш Зиядин: Сақтандыру жүйесін енгізген елдерде қандай өзгерістер болды? Мысал келтіре аласыз ба?

Тілеухан Әбілдаев: Мұндай жүйемен жұмыс істейтін елдерде медицина және денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер болды. Жасыратыны жоқ, еліміздің азаматтары, әсіресе, қаржы төлеуге мүмкіндігі жоқ адамдар дамыған мемлекеттердің медицинасына жүгініп келеді. Қазір біздің медицинамызда да жақсы өзгерістер болып жатқаны қуантады. Бұрын тек шетелдерде ғана жасалатын операцияның көбін өзімізде де жасап жатырмыз. МӘМС жүйесін енгізу арқылы тек басқа елде жасалып жатқан емдік шаралардың енді бізде жасалатынына сенеміз. Осы үрдіс жалғасса, елімізде медициналық туризмнің дамитынына, керісінше, шетелдіктердің бізге келіп емделетініне сенемін. Шетелден келіп емделуші пациенттер қазірдің өзінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы клиникаларда баршылық. Осы жүйе арқылы біздің медицина шетелдік деңгейге көтерілетініне сеніміміз мол.

Димаш Зиядин: Схеманы қайталай кетейік: жұмыс істейтін азамат әр ай сайын жалақысынан, жұмыс істемейтін 15 санатқа жататындарға мемлекеттен жарна төленіп отырады. Бұл жарна бәріне ортақ қорда жиналады. Осының көмегімен ауырған адам медициналық көмек пен дәрі-дәрмекті тегін ала алады. Ол үшін азаматтар белгілі бір медицина мекемесіне тіркелуі керек.

Тілеухан Әбілдаев: Бізде бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына басымдық берілген. Өйткені пациент ауырса, бірінші учаскелік дәрігерге барады, яғни пациенттің маршруты дәл осы емханадан басталады. БМСК мекемелерін қаржыландыру деңгейі де жыл сайын артып келеді. Бұл да – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы. Себебі әр адамға қандай көмектің қажет екенін анықтайтын, оларды бағыттайтын да осы емханалар. Халық ең бірінші соларға жүгінеді. Олар түрлі профилактикалық, скринингтік тексеру арқылы ауруды дер кезінде анықтай алады. Тоқетерін айтқанда, сақтандыру жүйесіне қатысу бәріміз үшін тиімді екені даусыз. Елімізде әлі де сақтандырылмаған азаматтар бар. Сол адамдар саналы түрде жүйенің қатысушысы болып, екі пакеттің аясында медицина көмегін алғанын қалаймын.