МыАлматы, БізАлматымыз, WeAlmaty
«БізАлматымыз» жобасының логотипі

Материал Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Британ кеңесі, Алматы әкімдігі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ және Қазақ-Британ техникалық университеті іске асырып жатқан “БізАлматы” жобасы аясында әзірленді.

Жоба аясында өткен фестиваль үш түрлі бағыт бойынша ұйымдастырылды. «Қала туралы диалог» бағдарламасында жоба өкілдері тұрғындармен Алматының қаншалықты қолайлы қала екенін талқылады. Мысалы, Настя Гончарова Алматының заманға сай дамуын зерттеп, қорытындысын көппен бөлісті. Ал Ерқанат Зайытов өзі кезіккен проблемаларды көрсете отырып, қаланың қаншалықты қолайлы екенін талқылады. Сонымен қатар оқушылар мен балаларға арналған жобалар, қоғамдық модерация және экосеруендер туралы да пікір алмасты.

Уоркшоп
Фото: «БізАлматы»

Фестивальдің ең негізгі бөлігі — жәрмеңкеде «БізАлматы» аясында жүзеге асқан жобалар таныстырылды. 25-ке жуық жоба мен тренинг фестивальге келген тұрғындарды жалықтырмады. Rocket Plastic тұрмыс қалдығын қайта өңдеу компаниясы пластикті жинауға, оны майдалап, басқа затқа айналдыруға болатынын көрсетті. Ал «Жігер» ұйымы зағиптарға көмек беру және қызмет көрсету дағдылары бойынша тренинг өткізді. «Дармарка» жәрмеңкесінде тұрғындар қажетсіз затты өткізіп, керегін алды.

«Дармаркаға» жиі келетіндердің бірі — Салтанат Әнуарбекова. Ол «БізАлматы» жобасы туралы қоқысты сұрыптап жүргенде білген. Салтанат Әнуарбекова өзі алып келген заттарды йогаға арналған кілемше мен сөмкеге айырбастады.

Әрине, өзім тұратын қалада не болып жатқанынан хабардар болуға тырысамын. Мен де қоқысты сұрыптаймын. Әлеуметтік желіде барлық экоблогерді оқимын. Отбасым мен туыстарыма экосөмкелер тігетінім бар. «БізАлматы» мен сияқты тұрғындар үшін қызық жоба деп ойлаймын. Урбанистикадан бәрін түсінбесем де, студенттердің жылыжай туралы жобасына қатты қызығамын. Кейде соларға кішігірім қаражат та жіберемін, — дейді Салтанат Әнуарбекова.

Салтанат Әнуарбекова
Салтанат Әнуарбекова. Фото: «БізАлматы»

Фестивальдің балаларға арналған бағдарламасы да бар. Астрономия туралы мастер-класқа Гауһар Әлібекова 7 жастағы сіңлісін ертіп келіпті. Ол Айды зерттеп, оның Жерді айналуы туралы сабаққа қатысты.

Қоқысты сұрыптап жүргенде, экосенбілікке шыққанда мұндай іспен айналысатын белсенділердің аз екенін түсіндім. Сондықтан осы фестивальге келген басқа да тұрғындармен танысайын дедім. Тазалыққа үйренсін, өзі тұрып жатқан қаланың жобаларын біліп жүрсін деп сіңлімді алып келдім, — дейді Гауһар Әлібекова.

«БізАлматы» жобасын Алматы әкімдігі, Британ кеңесі, «Алматы қаласын дамыту орталығы» мен Қазақстан-Британ техникалық университеті бірлесіп жүзеге асырды. 2017 жылдан бері жоба жетекшілері төрт бағыт бойынша жұмыс істеген.

Біріншісі — тұрғындармен диалог. Осыған байланысты тоғыз форум өткіздік. Екінші бағыт бойынша азаматтарды белсенді болуға шақырдық, оқыттық деуге болады. Үшіншісінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 10 грант бөлдік. Бүгінгі жәрмеңкеде сол жобалармен танысуға мүмкіндік бар. Төртінші бағыт бойынша өзіміз алған тәжірибені басқаларға үйрету үшін Нұр-Сұлтан мен Шымкентте конференция өткіздік. Фестиваль кезінде «БізАлматы» жобасының аясында жүзеге асқан жұмыстармен танысуға болады. Жоба қаланың дамуына, мәдениеті мен тұрғындардың әкімдікпен байланыс орнатуына үлкен үлес қосты. Сондықтан дәл осы жобаның екінші кезеңі талап етілмейді. Дегенмен «БізАлматының» аясында пайда болған бес жоба әлеуметтік бизнес ретінде жұмысын жалғастыра береді. Ең бастысы — әкімдік пен азаматтардың, белсенділердің арасындағы сенімге ықпал еттік, диалог қалыптастырдық деп есептеймін, — дейді жоба жетекшісі Данияр Мұқитанов.

Жоба жетекшілері
Фото: «БізАлматы»

«БізАлматының» аясында Tazalyk қалдықтарды қайта өңдеу экожобасы, қалалық Саунд-арт лабораториясы, егде жастағы адамдардың еңбегін қолдау жобасы, Қарасу ықшамауданындағы ақылды қоғамдық кеңістік, Ботаника бағындағы қалалық ферма, пластик қалдығын қайта өңдейтін Rocket plastic шеберханасы, Eco-Scan мобайл қолданбасы, сонымен қатар «Зағип жандарға ыңғайлы аудан», «Алматы оазисі», Citizen Playground жобалары іске асты.

Шара барысында «БізАлматы» жобасының серіктестеріне Алматы әкімдігі алғыс хат табыстады.

Жоба бәріміз үшін үлкен тәжірибе болды. «БізАлматы» түрлі саладан шыққан адамдар, мемлекеттік сектор мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері өзара тіл табысып, тиімді әрі пайдалы әлеуметтік маңызы бар идеяларды іске асыратын алаңның ролін атқарды. Біз қоғамдық кеңістік пен қалалық ортаны дамытуды таңдадық. Осы салаларда жұмыс істейтін адамдарды топтастырып, бұдан кейінгі жұмыстар үшін бір-бірімен таныстыруды көздедік. Жобаны қорытындылай отырып, қолымыздан келді деп батыл айтуға болады, – дейді Алматы әкімінің кеңесшісі Наталья Ливинская.

"БізАлматы" жобасы
Фото: «БізАлматы»

Фестиваль жоба қатысушылары мен белсенді қала тұрғындарының бейресми форматта жиналуына мүмкіндік берді. Ашық алаңда фестиваль қонақтары жетістіктерін көрсетіп, қызық жобаларды таныстырды, жәрмеңке мен уоркшоптарға қатысты. Ұйымдастырушылар тұрғындардың өз ниеттестерін табуы үшін фестиваль орнын бірнеше аймаққа бөлді: «Қала туралы диалогтар», жәрмеңке мен уоркшоптар аймағы, балалар аймағы, «Кино Орта» мен «Жоба тарихы».