«Абай челлендж» поэтикалық эстафетасы жеңімпаздары марапатталды

Сыр өңірінде ұлт мақтанышы, ұлы ойшыл, ақын, композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мазмұнды шаралар жалғасып жатыр. Бүгін Қызылорда қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Абай — ақыл-ойдың алыбы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова өскелең ұрпақ санасына Абай ұлағатын сіңіру әрбіріміздің міндетіміз екенін және Абай шығармашылығын дәріптеп, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын әрбір шараның маңызы орасан екенін айтты.

Фото: Жеңісбек Сүйіндіков

Қала әкімінің орынбасары оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілері арасында ұйымдастырылған «Абай челлендж» поэтикалық эстафетасы жеңімпаздары мен бүгінгі ұрпақты Абай мұрасымен сусындатып жүрген қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдерін марапаттады.

Шара барысында мектеп оқушылары мен ұстаздар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісімен Абай Құнанбайұлының бала, бозбала, жігіт шағының образын сомдап, тағылымды көрініс қойды. Осылайша тамашалауға келген көрермен қауымға терең ой салды. Мазмұнға бай әдебиет кеші оқушылардың орындауындағы Абайдың әсем әндерімен қорытындыланды.

Әсия Нұрлыбаева