Қазақстан жоғары оқу орындарындағы ғылыми жұмыстарға қатысты қандай жаңа талаптар бар? Материалдың түпнұсқа екені қалай тексеріледі? Плагиат еңбектерге қатысты мониторинг жасала ма? Бұл сұрақтарға Білім және ғылым министрінің орынбасары Мирас Дәуленов жауап берді.

Плагиат болып шыққан ғылыми материалдар жойыла ма?

Білім және ғылым вице-министрінің айтуынша, сала басшысы Асхат Аймағамбетов биыл 25 қаңтарда Facebook-парақшасында ғылымды дамытуға қатысты енгізілетін жаңа талаптар туралы баяндады. Министр ғылыми журналдарға қойылатын талаптың күшейетінін және мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың болатынын, сонымен бірге ғылыми жұмысты қорғау үшін міндетті түрде жазылуы керек ғылыми мақалалардың санына емес, сапасына көңіл бөлуі керек екенін жазды.

Қазіргі кезде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін жазылған диссертацияны «Антиплагиат» компьютер бағдарламасы бойынша Ғылыми-техникалық сараптама ұлттық мемлекеттік орталығында тексеруден міндетті түрде өткізу нормасы бар. Жоғары оқу орындары диссертация кеңесін плагиатқа тексеретін компьютер бағдарламасымен қамтамасыз етуге міндетті.

Сараптама орталығы диссертацияларды Қазақстандағы ғылыми жұмыстар қоры бойынша тексереді. 2019 жылы Turnitin халықаралық жүйесін пайдалану сараптама орталығының мүмкіндігін кеңейтті.

Плагиат дегеніміз — ғылыми еңбекте басқа автордың жұмысын сілтемесіз пайдалану, сонымен бірге мағынасын өзгертпей, сөздер мен сөйлемдерді синониммен ауыстырып, қолдану. Сол себепті автор ғылыми жұмысында шет тілдерінен аударылған басқа автордың ғылыми еңбегіне сілтеме жасамаса немесе сілтемесіз синонимдермен ауыстырса, бұл жұмыс плагиат болып есептеледі, — дейді ведомство өкілі.

Дәрежелер беру қағидалары (ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығы) және Диссертация кеңесі туралы үлгі ереже (ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 3 наурыздағы № 126 бұйрығы) бойынша PhD дәрежесін алу үшін ұсынылған диссертацияда плагиат анықталса, диссертация кеңесі теріс шешім қабылдайды және осы туралы қорытындысын университеттің сайтында жариялайды.

Дәрежелер беру қағидалары бойынша PhD дәрежесін алу үшін ұсынылған диссертацияда плагиат анықталса, докторант қайта қорғау құқығынан айырылады, — дейді Мирас Дәуленов.

Университеттер «диплом таратуын» қашан тоқтатады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «диплом тарататын конторға айналған» жекеменшік жоғары оқу орындарының жұмысын сынап, оларға қатаң шара қолдануды тапсырған еді.

Мирас Дәуленовтің айтуынша, Премьер-министрдің 2019 жылғы 29 қазандағы № 199-р өкімімен ҚР Үкіметі жанынан ЖОО-ларды оңтайландыру мәселелері жөнінде комиссия құрылды. Қазіргі уақытта комиссия отырысында қаралған 7 жекеменшік ЖОО-ның ректоры білім беру ұйымдарын оңтайландыру мәселесін талқылап жатыр, қорытындысы комиссияның кезекті отырысында қаралады. 2019 жылы 34 ЖОО-да, оның ішінде 30 жекеменшік ЖОО-да профилактикалық бақылау жүргізілді. 2019 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында 23 жоғары оқу орнында жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Шымкент мамандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен Аумақтық әлеуметтік-инновациялық университеті лицензиясынан айырылды. Мемлекеттік жоғары оқу орындарына келсек, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы №752 қаулысымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бірікті. Сонымен бірге әкімшілік заңнаманы жетілдіру мақсатында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгеріс енгізілді. Енді жоғары оқу орындарының лицензиясын жою (тартып алу) функциялары уәкілетті органға берілетін болды. Бұл өзгерістер 2020 жылдың 16 қаңтарында күшіне енді, — дейді Білім және ғылым министрлігі өкілі.