Талдықорғанда мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған Format Е оқу-әдістемелік орталығының облыстық семинар-тренингі өтіп жатыр.
Шараны Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Семинарға Жетісу өңіріндегі мәдениет үйі директорлары, клуб меңгерушілері, «Халықтық», «Үлгілі» ән-би ансамбльдерінің жетекшілері, сазгерлер, театр режиссерлары, кітапхана, музей және басқа да сала мамандары қатысты.
Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, зиялы қауым өкілдері семинар басталмас бұрын Талдықорғандағы журналистер үйінде баспасөз мәслихатын өткізіп, семинардың мән-маңызын айтып, журналистердің сұрағына жауап берді. Осыдан соң Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында семинар-тренингі ресми басталды.
Шараның басты мақсаты — облыс мәдениеті мен өнерінің даму бағыттарын табуға ықпал ету және осы сала қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жетілдіру. Сонымен бірге мәдени демалыс ұйымдарының озық тәжірибесінің жаңа бағыттарын игеріп, мамандардың білігін көтеру, — деді Алматы обысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев .
Шара ақпан айының 26-27-28 күндері қаладағы «Достық үйінде», «Тіл сарайында», драма театрында, Мұхамеджан Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде және кітапхана ғимаратында жалғасады.