Лариса Пак, TEDxAlmaty жобасының бас ұйымдастырушысы:
Адамзат климаттың өзгеруіне қатысты ештеңені қолға алмайтын болса, алдағы 10 жылда қазіргі әлемнен айырыламыз. Неге 100 немесе 150 жыл емес, 10 жыл? Ғалымдардың айтуынша, адамзаттың келешегіне дәл осы алдағы 10 жыл ең көп ықпал етеді екен. Біз ештеңе істемесек, қазір Алматының экология ахуалына қатысты бейқам отырғанымыз сияқты болашақта Мальдив аралдарының суға батып бара жатқанына тап солай қарамақпыз. Былтырдың өзінде дүниежүзі 55 миллиард гигатонна көміртегін шығарған. Оның ішінде Қазақстан 250 миллион тонна өндірді, бұл әр адам басына шаққанда 14 тоннадан келеді. Ол 14 тонна не болуы мүмкін деп ойлайтын шығарсыз. Оған Алматының әр бұрышында жатқан қоқыс, тағам қалдығы және автокөліктен, ұшақтан бөлінетін газ жатады.
2015 жылы 197 мемлекет бірауыздан 2050 жылға дейін қалдық шығару көрсеткішін нөлге жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Ол елдердің қатарына Қазақстан да кіреді, бірақ, өкінішке қарай, көрсеткіш азаяр емес.
Мен саясаткер де, эколог та, экономист те емеспін, бірақ интеллигент ретінде мені климаттың бүгінгі халі алаңдатады. Сол себепті барлық азаматты жаһан апатын болдырмауға шақырамын. Климатты ойласақ, әрқайсымыз өзіміздің жаман әдетімізден арылуымыз керек. Тұрмыс жағдайында ғана емес, бизнесте, өндірісте де іс-әрекетімізді өзгертуіміз қажет. Біз, TEDxAlmaty, климаттың түбегейлі өзгеретін мезгіліне дейінгі кері санау жобасын қолға алдық. Бұл жоба барлық мемлекетте бар. Жоба аясында проблеманы тамақ өнімдері, энергетика, көлік, жасанды орта және табиғат сияқты бес сфера бойынша қарастырамыз. Сонымен бірге бір жыл бойы түрлі шара өткіземіз. Оған Қазақстанның әр азаматы қатыса алады. Әр адам табиғи ресурстарды жағуды азайтуға, ұшақпен аз қатынауға тиіс. Болашаққа оптимизммен қарауымыз керек.
Айнұр Ұмаева, «Тайный советник» коммуникация агенттігінің директоры:
Канада экобелсендісі Эмма Лим ел билігі қазіргі климат жағдайына байланысты мәселелерді шешпейінше «Болашақ жоқ, бала жоқ» (no Future, no Children) қозғалысын бастап, бала туудан бас тартты. Ол «Өмірдегі армандарымның бірі — ана атану, бірақ әлемде климат дағдарысы болып жатса, салдарынан болашақта сәбиімнің қауіпсіздігіне жауап бере алмасам, онда мен қандай анамын?» дейді. Әрине, мен Эмма сияқты 18 жастағы қыз емеспін. Бүгінде мен үш баланың анасымын, сол себепті мен мұндай қозғалыс бастай алмаймын, бірақ климат апатын болдырмау үшін тұрып жатқан жерімде қолымнан келетін шараларды атқарамын. Мен белсенді анаға айналдым. Үйде тұрмыс қалдығын жинап, оны сұрыптаймын. Артық қалдық шығармас үшін кез келген нәрсені аз тұтынуға тырысамын. Ең қызығы — өзімді бір нәрседен шектелгенім үшін жаман сезінген емеспін. Үйде балаларыммен бірге климат, экология ахуалы туралы бейнероликтер көреміз. Мен осындай кішкентай қадам арқылы белгілі бір жетістікке жеттім. Маған қарап балаларым да үлгі алды. Олар да өзіне ұнайтын және керекті заттың ара-жігін ажырата алатын болды. Мысалы, олар тәтті шырынды пластик түтіксіз ішуге болатынын түсінді. Менің түйгенім — қазір белсенді болмасақ, болашақ ұрпақ «жынды Макс» әлемінде өмір сүре бастайды. Мен оны қаламаймын.
Анастасия Гончарова, зерттеуші:
Көпшілік жаһан жыли түсіп, Жер шарында климат қарқынды өзгеріп жатқанын байқап отыр. Әлемнің бір нүктесінде қар түсіп жатса, енді бір жерінде аптап болып тұр. Өкінішке қарай, адамзат табиғи ресурсқа коммерция тұрғысынан қарайды. Бізге бала кезімізден-ақ ғаламда бар не нәрсе ұнайды, соның бәрін ала беруді үйретеді. Адам ғаламның орталығы болғысы келеді, бірақ, керісінше, адамзаттың ғаламға, табиғатқа тәуелді екенін түсінбей жатамыз. Қазір өзімізге жайлы нәрсені жасауға тырысатын әрбір әрекетіміз, болашаққа зиян. Мысалы сіз пайдаланған пластик пакетке құстар тұншығады. Сонымен бірге ядро қаруы біздің буынға ғана қауіп төндіріп тұрған жоқ, оның 24 мың жылдан кейінгі адамзатқа да зияны бар, сол себепті біз әр ісімізді ойланып істеуіміз қажет. Кәсіпкерлер бизнесінің формасын өзгертуі керек. Мен кәсіпкерлердің бұлай істегісі келмейтінін жиі естимін, себебі олар тұтынушысынан айырылып қалудан қорқады, бірақ 10 жылдан кейін жерде өндіріс, шикізат бола ма, дәнді дақыл өсе ме, бізді осы нәрсе алаңдатуы қажет деп ойлаймын.