ҚР ҰЭМ Статистика комитеті 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы медиана жалақы мен модаль жалақы бойынша мәліметті жария етті. Бұл мәлімет бойынша еліміздің жұмыс істейтін азаматтарының жартысы (3,3 миллион) 112,2 мың теңгеден аз жалақы алатын болып шықты.

Медиана жалақы дегеніміз — бір елдегі жұмысшылардың қолына алатын жалақысының орташа көрсеткіші немесе жұмысшылардың 50%-інің жоғарылы-төменді алатын жалақысының ортасы. Модаль жалақы — қарастырылып отырған кезеңдегі жалақының жиі төленген мөлшері.

Медиана жалақы бір жылда 5,6% немесе 5 900 теңгеге ұлғайған. Инфляция бұл аралықта 5,4% болды. Бұдан шығатын қорытынды: Қазақстан азаматтары алатын жалақының сатып алу қабілеті 2018 жылғы деңгейде қалған. Айта кету керек, медиана және модаль жалақыға қатысты зерттеуде кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындар есепке алынбаған, мамандар шағын кәсіпорындар есепке алынғанда медиана жалақы көрсеткіші төмен болар еді деп отыр.

2019 жылдың соңғы тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 203,9 мың теңге болды (бір жылда 15,8% көбейген), бұл медиана жалақыдан екі есе көп.

Түсіндірейік: орташа жалақы мен медиана жалақы арасында айырма неғұрлым көп болса, жалақы бойынша теңсіздік те соғұрлым терең әрі аз еңбекақы алатын жұмысшылардың үлесі жоғары деген сөз, — дейді Ranking.kz зерттеушілері.

Мамандардың айтуынша, орташа жалақы мөлшері мен оның қарқынды өсуіне негізінен жоғары жалақы алатын қызметкерлер санының көбеюі себеп болады, бірақ олардың жалақысы халықтың көп бөлігінің нақты жалақысына жақын медиана жалақыға еш әсер етпейді.

Қазақстанда медиана мен орташа жалақы арасындағы айырма өңірлерге қарай 45%-тен 67,4%-ке дейін барады.

Нұр-Сұлтанда 2019 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша орташа жалақы 308,1 мың теңге, ал медиана жалақы 157,4 мың теңге, яғни орташадан 48,9% аз болды. Алматыда орташа жалақы 248,7 мың теңге, медиана жалақы 141,4 мың теңге немесе орташадан 43,1% аз болды.

Жалақы теңсіздігі республика бойынша Жамбыл (67,4%), Павлодар (67,4%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында ең көп байқалып отыр.

Жалақы

Ranking.kz мамандарының мәліметінше, медиана жалақы Қазақстанда ерлер мен әйелдер алатын жалақы арасында да теңсіздік барын байқатты. 2019 жылы ерлердің медиана жалақысы 127,9 мың теңге, әйелдердің медиана жалақысы 101,5 мың теңге болды, яғни әйелдер табысы ерлердікінен 20,7% аз болып шықты.

Жоғары медиана жалақы әдеттегідей тау-кен (251 мың теңге), қаржы (211,7 мың теңге) және құрылыс (188,4 мың теңге) салаларында, төменгі медиана жалақы өнер (78,5 мың теңге), ауыл шаруашылығы (86,1 мың теңге) және білім беру (91,9 мың теңге) салаларында.

Жалақы

Қазақстандағы модаль, яғни жиі төленетін жалақы сомасы — 58 034 теңге. 2018 жылы ол 80 мың теңге болған, яғни бір жылда 27,5% азайып отыр.

Модаль жалақы білігі төмен жұмысшыларға деген сұранысты және жұмыс берушілердің жұмысқа алғысы келетін адамдарына жалақы бойынша ұстанатын ортақ көзқарасын білдіруі мүмкін, — дейді зерттеушілер.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!