20 кәсіпкер Канадада стартап жоба іске асыруға жолдама алды

Алматыда өткен венчур жобалар жәрмеңкесінде 20 кәсіпкер Канаданың YEDI халықаралық стартап бағдарламасы бойынша қаржылай көмекке ие болды. Шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Ресей және Ираннан келген кәсіпкерлер қатысты. Жәрменкені Йорк кәсіпкерлікті дамыту институты мен Қазақстандағы Сулейман Демирел атындағы университеті ұйымдастырды.

кәсіпкер
Фото: Сулейман Демирел университетінің баспасөз қызметі

Кәсіпкер Айтуған Омаров тау-кен өнеркәсібі бойынша стартап жоба бастаған. Оның компаниясы ұсақ минералдар өндіретін технология жасаумен айналысады. 2019 жылдың қарашасында YEDI халықаралық бағдарламасы бұл жобаға 200 мың доллар бөлген. Айтуған Омаровтың айтуынша, бұл халықаралық бағдарлама Қазақстан кәсіпкерлеріне көп мүмкіндік береді.

Бүгін басқаларға өз тәжірибемді айтуға келдім. Негізі біздің кәсіпкерлерге Қазақстанда жүріп шетел компанияларына өз жобаларын ұсыну – мүмкін емес жағдай. YEDI ғана – жалғыз мүмкіндік, – дейді кәсіпкер.

кәсіпкер
Айтуған Омаров. Фото: Сулейман Демирел университетінің баспасөз қызметі

Солтүстік Америка нарығына кәсіпкерлерді дайындайтын халықаралық стартап бағдарламасы Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бағдарлама шарты бойынша жергілікті кәсіпкерлердің стартап жобасы инновациялы, жұмыс орнын ашатын және кез келген мемлекетте жұмыс істей алатын жаһан масштабында болуы керек. Венчур жобалар жәрмеңкесін ұйымдастырушылардың айтуынша, кәсіпкерлер стартаптарын ұсынбас бұрын Йорк кәсіпкерлікті дамыту институтының мамандарынан 10 күн білім алған.

Жобаның мақсаты – еліміздегі кәсіпкерлердің стартап идеяларын халықаралық стандартқа келтіру. Йорк институтының мамандары оларға жобаны қаржы, құқық, маркетинг жағынан қалай іске асыру керек екенін үйретті. Сонымен бірге Солтүстік Америка нарығындағы ерекшеліктер туралы айтты, – дейді СДУ президенті Мейірбек Мәжитов.

кәсіпкер
Фото: Сулейман Демирел университетінің баспасөз қызметі

Канада мамандарының курсына Сулейман Демирел университетінің бизнес мектебінде және ІТ мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттері де қатысты.