Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі жаңа уәкіл тағайындалды

Рустам Жүрсіновке дейін бұл қызметті Болат Палымбетов атқарған еді. ҚР кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасының қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің хабарлауынша, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 312-бабы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымындағы мерзімінің аяқталуына байланысты Болат Палымбетов өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш жазды. Президент бизнес-омбудсменнің өтінішін қанағаттандырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Болат Әбілқасымұлы Палымбетов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл қызметінен босатылды, — делінген Ақорданың хабарламасында.

Жаңа уәкіл Рустам Жүрсінов 1976 жылы туған. Ол бұған дейін ҚР кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары — басқарма мүшесі болған. 1997-2002 жылдары бұрынғы Қаржы және салық агенттігінде, кейін Мемлекеттік кірістер министрлігінде қызмет етті, «ҚазМұнайТеңіз», «ҚазМұнайГаз — Консалтинг», Olympex Advisers, «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Қазына», Kazenergy компанияларында басқару лауазымдарында болды.