Қазақстан мен Қытай құны 10 млрд АҚШ долларынан асатын келісімдерге қол қойды

«Елдерімізді жақындастыратын бірнеше маңызды бағдарламалар бар. Біріншісі – ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстанға сапары барысында жариялаған «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы. Екіншісі – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы. Осы екі бағдарлама бірін-бірі толықтырады деп есептейміз. Іскерлік Кеңес пен кәсіпкерлеріміздің табысты қызметі осы екі бағдарламамен байланысты», – деп келтірген Кәрім Мәсімовтың сөзін primeminister.kz сайты.

«Бүгін Іскерлік Кеңес аясында және ертең ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерімен келіссөздер қорытындысы бойынша нақты кәсіпорындар құру туралы құжаттарға қол қойылады», – деп атап өтті Мәсімов.

Сөз соңында Кәрім Мәсімов екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен көршілікті қалыптастырудағы және нығайтудағы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгендігін айтып өтті.

Іскерлік Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша жалпы 10 млрд АҚШ долларынан астам сомаға екі жақты коммерциялық құжаттар пакетіне қол қойылды.

Атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ мен China Telecom Global Limited арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Sinopec» корпорациясы арасында өзара түсіністік Меморандумына; Kazakhstan Petrochemical Industries, Inc ЖШС мен China National Chemical Engineering Co. Ltd арасында Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы бойынша ЕРС-келісімге қол қойылды; түсті металлургия (мыс өндіру) Индустриялық паркі жобасы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға Central Asia Gold corporation ЖШС мен Shenyang Lianli Copper компанияларының басшылары қол қойды, сондай- ақ басқалары.

Кәрім Мәсімов Қазақстан мен Қытай басшыларының бастамасымен құрылған Іскерлік Кеңес екі мемлекеттің бизнес қауымдастықтары үшін тиімді диалог алаңына айналғандығын баса айтты.