Сергей Куратов, «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының төрағасы:
Алматыдағы Қайрат ықшамауданының тұрғындары біздің ұйымға автобус паркінің салынуына қатысты шағымданды. Заң бойынша мұндай типтегі автопарк қауіп деңгейі үшінші класс болатын кәсіпорынға жатады. Үшінші класты қауіп төндіретін құрылыстың санитариялық қорғаныс аймағы 300 метрден кем болмауы керек. Ал біз айтып отырған автопарктің аумағы талапқа сай емес. Таңертең автобустар қалаға шығатын кезде паркте өте үлкен мөлшерде түтін түзіледі. Ол ауданды түгел басып қалады. Тұрғындар сондықтан шағымданып отыр. Құзырлы органдар үш түрлі жауап берді. Біріншісі — «Бәрі қалыпты, заңсыз ештеңе жоқ», екіншісі — «Иә, белгілі бір мөлшерде талапқа сай емес, бізбен ақылдаспады» , үшіншісі — «Заңда көрсетілген талаптарды бұзды, әрі қарай өздеріңіз қарастырарсыздар». Құзырлы орган автопаркті көшіруге, басқа да әрекет етуге талпынған жоқ. Есесіне олар «Бұл автопарк адам тұратын аймаққа қалай салынды?» деген сұрақты өзімізге қояды. Нәтижесінде тұрғындардың шағымын ешкім тыңдамады, ешқандай орган түсінік бермеді. Бұл іс бойынша әкімдік тұрғындардың шын ақпарат алуына, олармен қандай құрылыс салынатынын алдын ала ақылдасуға мүмкіндік бермей отыр.
Мұндай проблема болмауы үшін биліктегілер бәрін заңмен қарауы керек. Бірнәрсе дұрыс болмаса, тұрғындардың мүддесін қорғауы керек. Еліміздің әр азаматы соттың әділ шешіміне лайық. Біраз жыл бұрын осыған ұқсас оқиға болып, соңында Жоғарғы соттың шешімімен мекеме жабылған. Дәл осы оқиғада Жоғарғы сот мәселені тұрғындардың пайдасына шешпей отыр. Біздің тарапымыздан осындай проблемаларды барынша көтеру, айту, шағымдану ғана қалды. Халықаралық деңгейге жеткізсек те, үндемей қалмауымыз керек.
Жақында органдарға жіберген сауалымыз бен келген жауаптың статистикасын жасадық. 2014 жылы органдардың сауалға жауап беру көрсеткіші 33% болған. Биыл 95%-ке жетті. Оның ішінде ақпараттың рас-өтірігі туралы да статистика жасадық. 2014 жылы келген хаттардың 60%-інде дұрыс емес ақпарат жазылса, биыл бұл көрсеткіш 50%-ке жетті. Бұл — қуанатын жағдай. Проблеманың бір бөлігі шешілді деген сөз.
Елена Ерзакович, қала жинақтылығы саласындағы халықаралық сарапшы, VeloFriends қоғамдық қорының директоры:
Қаланың әр тұрғыны өз көлігімен жүргісі келеді, бәрі қоғамдық көлікке міне бермейді. Демек, әкімдік көліктің баршаға ортақ зиянсыз тұсын қарастыруы керек. 2013 жылы әкімдік экология жағынан зиянсыз көлік саясатын қолға алмақ болған. Бір жағынан қаланың басшысы жиі ауысып тұрады. Әкім ауысқан сайын басым бағыт та өзгере береді. Қайрат ықшамауданындағы автобус паркі ол жерде салынбауы керек еді, бірақ салынды. Басқа әкім келеді де, қалада электробус жүргенін қалайды. Демек, билікке келіп жатқандар халыққа қайсы тиімді екенін емес, өз қалауын ойлайды. Мысалы, мен өзіме ыңғайлы жеңіл көлікпен жүргім келсе, әкімдік маған экология жағынан ешқандай шектеу қоймайды, тіпті зиянын түсіндірмейді. Билік жеке адамның қалауы туралы әңгіме болғанда көпке ортақ экология туралы ойланбайды. Меніңше, біріншіден, болашақта қала аумағында тұрғындардың келісімінсіз жүзеге асатын кез келген жобаны, құрылысты тоқтату керек. Содан кейін тезірек қаланың бас жоспарын қоғам болып талқылауды әдетке айналдырумыз керек. Егер қалада заңсыз құрылыс, бизнес жүріп жатса, қайта-қайта талап етіп, бұзып тастауымыз қажет. Бірақ халыққа да тиімді жағын қарастыруды ұмытпайық. Қала деген әркім өзіне жер тауып алып, қоныстана беретін дала емес. Қала — көпке ортақ ұжымдық ағза. Сондықтан Алматы құрылысына қатысты кез келген өзгеріс халықпен ақылдаса отырып жасалуы керек.
Халықты қоршаған орта мен денсаулыққа нұқсан келтіретін жағдайлар туралы ақпараттандырып отыру керек. Менің көршілерім әлі күнге дейін автокөліктің айналаға, өзінің баласына зиян екенін түсінбейді. Адам аулада көлігін оталдырады, басқалар одан шыққан түтінмен тыныстайды.
Светлана Спатарь, «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының өкілі:
Былтыр қалада 135 мың түп ағаш егілді. «Қандай тамаша? Таза ауамен тыныстаймыз» деп қуанамыз. Есіңізде болса, былтыр Көктөбеге 40 мың көшет егілді деп хабарланды. Кейін біз сол маңды аралап, мыңға жуық көшеттің өспей қалғанын көрдік. Демек, көп іс қағаз жүзіндегі есеп үшін істеледі. Сонымен қатар қаланың экологиясы үшін Іле Алатауы ұлттық паркі маңызды деп санағанымызбен ол жақта жағдай мәз емес екенін байқаймыз. Әкімдік ұлттық паркті талапқа сай қолдануды қадағаламайды.
Біраз уақыт бұрын әкімдік Алмагүл ықшамауданындағы «Южный» саябағына реконструкция жасамақ болды. Тұрғындар біраз ағаш кесілетінін құрылыс басталарда білді. Сонда да олар ағаштың кесілуіне қарсы тұрып, жеңіп шықты. Әрине, бұл оңай болған жоқ, іс жылға созылды. Есесіне парк жөнделді, ағаш кесілмеді. Осындай мысал басқа тұрғындарды да ынталандыруы керек.
Біз Алматының тұрғыны ретінде қалада жоспарланған құрылыс, реконструкция туралы біліп жүруіміз керек. Билік нені жоспарлағанын халыққа айтсын. Тұрғындар да қалада болып жатқан оқиғаға бейжай қарамай, биліктің өзі шығарған заңға бағынуын талап етсін.
Төлеутай Жаббаров, Алматы қоғамдық кеңесінің сарапшысы:
Семейдегі полигон маңында тудым, сонда өстім. Бүкіл жағдайды отбасыммен, туыстарыммен, көршілеріммен бірге көрдім. Сол жылдары болған қорқынышты оқиғаны қазіргі Алматының жағдайымен салыстыруға келмейді. 1989 жылы Семей полигонын жабуды талап еттік. Халық болып, мамандарға жүгініп, билікті қаратып, соңында полигонды жабуға мәжбүрледік. Алматының жағдайында да тура солай әрекет етуіміз керек.
Кеңес дәуірі кезінде Алматыда автомобильдің дизель отынымен жүруіне тыйым салынған еді. Қазір қыс кезінде қаланың жоғарғы жағы жағармайға, төмен жағы жылу электр орталығынан шығатын түтінге тұншығады. Мамыр ықшамауданы жақта коттедж көп. Сол үйдің бәрі жағармай жағып отыр. Себебі ол арзан, кез келген жерден сатып алуға болады. Осы проблеманы шешуде әкімдік үйде жағармай, мазут жағуға, қалада дизельмен жүруге тыйым салуы керек. Екінші жылу электр орталығы проблемасына әкімдер әлі күнге дейін көңіл бөлмей келеді. Жылда осы мәселені көтереміз, бірақ дым өзгеріс болмайды.
Газбен жұмыс істейтін жылу орталығы құрылысына көп қаражат кетеді дейді. Ендеше, соны әрқайсымыздың зейнетақы жинағымыздан қаражат алып, салсын. Бизнесмендерді де осындай құрылысқа қаражат салуға шақырайық. Балаларымызбен, немерелерімізбен бірге сол түтінмен тыныс алып отырмыз.