Басты бет Жаңалықтар Бүгінге дейін шекарада қанша адам коронавирусқа қарсы тексерілді?

Бүгінге дейін шекарада қанша адам коронавирусқа қарсы тексерілді?

Еліміздің шекарасында Қытайдан келген азаматтарға коронавирусқа қарсы мониторинг жалғасып жатыр.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 6 қаңтарынан 19 ақпанға дейін Қазақстанға Қытайдан 31 548 адам келді.

Шекарадағы санитария-карантин пункті мамандары бұл азаматтардың бәрін тексерді. Дәрігерлер елімізге кейінгі 14 күнде келген 1 246 адамды бақылауға алды. Ауруханаға 106 адамды жатқызды.

Жалпы, мамандар 6 қаңтардан бері Қытайдан келгендер арасынан тынысалу жолдарының жіті вирустық инфекциясы белгісі байқалған 165 адам оқшаулаған, оның 157-сі бақылаудан шығарылды. Стационарларда 8 адам ғана қалды.

Ухань мен Бейжіңнен эвакуацияланғандардың бәрі карантиннен шықты. Ешқайсынан коронавирус анықталған жоқ. Қытайдан Қазақстанның үш азаматы Ресейге және бес азаматы Өзбекстанға эвакуацияланған еді. Олардан да қауіпті вирус анықталған жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирус инфекциясынан сақтану үшін мынадай кеңес береді:

— қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
— қолды залалсыздандыруда спиртті антисептиктерді қолдану;
— адамдар көп жиналатын орындарға бармау;
— науқас адамдармен байланыста болмау;
— суық тию белгілері (жоғары температура, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауыруы) пайда болған жағдайда тұрғылықты мекенжай бойынша дәрігермен кеңесу.

Коронавирус инфекциясы бойынша басқа да ақпаратты «1406» нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласып алуға болады.

Кейінгі мәлімет бойынша Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны 74,1 мыңнан асты, 2004 адам қайтыс болды. Коронавирус инфекциясы Қытайдан басқа тағы 25 елде тіркеліп отыр.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version