Алматы тұрғындары газ қосу үшін өсімпұлсыз несие ала алады

Тұрғындар әкімге үйге газ кіргізу мәселесі жөнінде шағымданды. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, аудандарда арналы газ құбырының болмауы тұрғындармен бұған дейін болған кездесулерде де айтылып жүр. Мысалы, Түрксіб, Алатау аудандарында арналы газ құбыры жоқ. Кейбір ауданда құбыр болғанымен газ бұру желісі жоқ.

Қала әкімінің айтуынша, 2019 жылдың екінші жартысында 3000-нан астам жеке үй газдандырылды.

Алматы аудандарында халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарын газ желілеріне қосу — қала үшін ерекше мәселе. Алатау және Наурызбай аудандарында 210 үйдің 62-сін газ жүйесіне қосу жұмысы қалды. Екі ауданда да мердігер компаниялармен келісімшарт жасалды. Жұмысты 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтау жоспарланған, — деді әкім.

Алматы әкімдігі «Халық банкімен» тұрғындардың газбен жылыту жүйесіне қосылуына 0%-пен несие беру туралы келісім жасаған. Өсімпұлсыз несиені бір жылға рәсімдеуге болады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды осы мақсат үшін өтеусіз негізде субсидиялау мәселесі де қарастырылған.

Қазір қала бойынша жеке сектордағы 2 912 үй газдандырылмаған күйі қалып отыр. Оның ішінде 1 791 үй желіге қол жеткізе алса, 1 121 үйдің газ қосуға мүмкіндігі жоқ.

Бұл мәселені Наурызбай ауданы тұрғындары көтерді. Бақытжан Сағынтаев аудан әкіміне ықшамаудандарды аралап шығуды және «Шұғыла» ықшамауданы тұрғындарының газ қосу мәселесін шешуді тапсырды.