Қазақстан кен орындарында пайдалы қазба қоры таусылып жатыр

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы қаралды.

Министрдің айтуынша, еліміздің мемлекеттік балансында 8 мыңнан астам кен орны тіркелген, оның ішінде 317-сі — көмірсутек (мұнай, газ, конденсат) кеніші, 910-ы — қатты пайдалы қазба кен орны, 3 мыңнан астамы — кең таралған пайдалы қазба қоры және 4 мыңға жуығы жерасты сулары кен орны.

Кейінгі онжылдықта Қазақстанның шығысындағы моноқалаларға жақын орналасқан Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихин, Зырянов ірі қорғасын-мырыш кен орындары толық игерілді. 2025-2040 жылдарға таман Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольный сияқты кен орындарында да пайдалы қазба қоры толық сарқылуы мүмкін. Бүгінгі таңда қорлардың молаю коэффициенті қатты пайдалы қазба бойынша — 0,13, ал көмірсутек шикізаты бойынша — 0,9 (Қашаған кен орнын есептемегенде). Соңдықтан жаңа кен орындарын ашу және оны іске қосу үшін кем дегенде 10-15 жыл уақыт кететінін ескере отырып, геологиялық барлау жұмысын қазірден бастап жандандыру қажет, — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр Қостанай облысында, Қазақстанның орталығы мен шығысы арасындағы аумақта және оңтүстіктегі Қырғызстанмен іргелес өңірде алтын қоры бар екенін айтты. Ал қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары Қазақстанның орталық, оңтүстік бөлігі мен Кенді Алтайда ашылуы мүмкін. Бұл аудандарда вольфрам, молибден, алюминий, қалайы және сирек кездесетін элементтер кен орындарын ашуға да болады.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, кейінгі 3 жылда Қазақстанның 75 мың шаршы шақырым болатын аумағында геологиялық зерттеу жүргізілді. «Қазақмыспен» бірге Дүйсембай ірі қорғасын-мырыш кен орны (қоры 2,8 миллион тонна), Ulmus қорымен бірге Бесшоқы кен орны (қоры 1 миллион тонна), Rio Tinto Group-пен бірге Балқаш маңында Прибрежное кен орны ашылды. Геологтар шамамен 76 миллиард тонна болатын көмірсутегі бар 15 шөгінді бассейнді анықтады.

90-жылдары жүргізілген заманауи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-теңіз, Солтүстік Трува және де басқа кен орындары ашылды. Бүгінгі таңда ескі сейсмикалық мәлімет көп болғанымен оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті Каспийдің терең қабаттарының әлеуеті әлі толық бағаланған жоқ. Бұл бассейн — инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазіргі кезде көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге ниет білдіріп отыр. Сондықтан жаңартылған геологиялық ақпарат алу үшін қазіргі заманғы сейсмобарлау жұмысын жүргізу қажет, — деді министр.

Республикада қоры тәулігіне 43 миллион текше метр болатын жерасты суларының 4000-ға жуық кен орны бар. Оның 50%-ке жуығы оңтүстікте, 30%-і солтүстікте, орталықта және шығыста, 20%-тен азы батыс аймақтарда. Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, халықты сапалы ауызсумен және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті жерасты су қорларымен қамту үшін гидрогеологиялық зерттеу көлемін ұлғайту керек.

2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасы осы мәселелерді шешуді көздейді. Құжатта негізгі жеті міндет белгіленді:

Қазақстан аумағының геологиялық зерттеу дәрежесін арттыру;

Минерал-шикізат базасын толықтыру (яғни пайдалы қазбалар қорының өсімін ұлғайту);

Ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету;

Саланы ақпараттандыру және цифрландыру;

Геология саласының инфрақұрылымын дамыту;

Кадрлармен қамтамасыз ету;

Ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде көмірсутегін барлауға шамамен 680 миллиард теңге, қатты пайдалы қазбаны геологиялық барлауға 100 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, — деді министр.