Алматы облысында алтын шығаратын фабрика ашылады

Сарқан ауданының Балқаш көлі жағалауында орналасқан Solid Metals ЖШС алтын өндіру жұмыстарын мамырда бастайды. Бұл туралы Алматы облысының коммуникациялар қызметі хабарлады.

Алтын өндіру жұмыстарына 1 миллиард 635 миллион теңге инвестиция тартылған.

Аудан әкімі Марат Разбековтың айтуынша, зауытқа барлық техникалар алынып, дайындақ жұмыстары пысықталып жатыр.

Аудан экономикасы былтырғы жылы қарқынды даму көрсеткіштеріне қол жеткізіп, бірқатар зауыт іске қосылды. 2019 жылға өнеркәсіпті алға жылжыту шеңберінде жобалар өте көп. Соның бірі алтын шығару зауыты. Ол өз жұмысын бастаса, 60-қа жуық адам вахталық жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда алтынның сынамалары алынып, зертханаларда тексеріліп оң нәтиже көрсетіп жатыр, — дейді ол.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық саласында өткен жылы айқын өсім байқалған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген  жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетіне 1 миллиард 334 миллион теңге кіріс түсті. Өткен жылмен салыстырғанда 107% көбейді.

Тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша жалпы 166 миллион теңгеге несие алынып, 203 бас ірі қара мал, 248 бас ұсақ мал, 7 бас жылқы сатып алған.

Биыл Черкасск ауылында 40 адамға арналған қонақ үй мен шаңғы базасының құрылысын «Аманат — А» серіктестігі бастаған, бірнеше күн бұрын бұл базаның 1-кезеңі ашылды.

Келешекте бұл жерде 33 жатын бөлмесі бар қонақ үй салынып, демалушыларға барлық жағдай жасалады, — деді әкім.

Облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге және оны күтіп ұстауға 680 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде: Лепсі ауылының ішіндегі 4 шақырым жол, Көтен Тәуіп атаның басына барар жол, Қызыл Қайың-Лепсі жолының жалпы 30 шақырым жеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы осы жұмыстар жалғасады.

Жас IT — мамандар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Малбазар» мобильді қосымшасын жасап, іске қосты. Қазір бұл қосымшаны Еліміз бойынша 100 мыңға жуық адам ұялы телефондарына жүктесе, сайтты күніне 2000 адам пайдаланады. 2019 жылы бұл жұмыстар жалғасын табады, — деді аудан басшысы.

Ауылшаруашылық бойынша өндірілген өнім көлемін 35 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. 2019 жылы 2850 гектар қант қызылшасы себіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 850 гектарға артық.

Бюджеттің кірісі 1 миллиард 400 миллион теңгеге жететі деп болжанды.

Нұрсылтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сәйкес биылғы жылы Тополевка ауылында «Сиверс алмасының гүлденуіне» арналған фестиваль өтеді.