Есеп комитеті Президентке кейбір компанияны жабуды ұсынды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, комитет басшысы Президентке ұлттық холдингілер жұмысының тиімділігіне жүргізілген талдау қорытындысы туралы есеп берді.

Мұндай тапсырманы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арналған Жолдауында берген еді. Есеп комитеті басшысының мәліметіне қарағанда ұлттық холдингілер жұмысында шешілуге тиіс қордаланған мәселелер мен кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, экономикадағы квазимемлекеттік сектордың үлесі азаймай тұр. Ондағы компаниялар айтарлықтай дәрежеде республикалық бюджеттің қолдауына тәуелді.

Наталья Годунова сатып алулар кезіндегі рәсімдерде әлі де ашықтық жоқ екенін айтты. Шарттардың дені бәсекелестік жолмен жасалмайды. Есеп комитеті аудит жүргізіп, осы мәселенің нақты себептерін анықтауы керек.

Есеп комитетінің басшысы Қазақстан Президентінің қарауына ұлттық холдингілерді оңтайландыру, соның ішінде квазимемлекеттік сектордың кейбір компаниясын жабу туралы ұсыныс енгізді.

Президент Есеп комитетінің жұмысына оң баға берді.