«МӘМС жүйесі жайлы диалог» атты онлайн конференцияның спикері — Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы Әбілдаев Тілеухан Шілдебайұлы.
Спикер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің Алматыдағы алғашқы нәтижесі туралы баяндайды. Сонымен қатар сайт оқырмандардың мынадай сұрақтарына жауап береді:
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қандай айырмашылығы бар?
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудармаған азаматтардың жағдайы не болады?
- МӘМС жүйесінің арқасында қандай медициналық қызметтер көбейді?
Оқырманның медициналық сақтандыруға қатысты өзге де сауалдарын ақпанның 17 мен 21 аралығында жинаймыз. Сұрақ қою үшін мына сілтемені басыңыз.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы неде?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі — халыққа сапалы әрі тиімді медициналық қызмет көрсетуді, халыққа медициналық көмекті қолжетімді етуді, азаматтардың медициналық ем-домға жұмсайтын жеке шығынын үнемдеуді көздейтін реформа. Ал МӘМС жүйесіне қатысу үшін азаматтар алдымен емханаға тіркелуі тиіс. Жүйеге «жұмыс істейтін азаматтар», «әлеуметтік көмек алушылар», «балалар», «өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер» де кіреді. Егер сіз жұмыс істейтін болсаңыз, сіз үшін жұмыс беруші ай сайын қорға жарна аударады. Фрилансерлер, жеке кәсіпкерлер, әлеуметтік көмек алушылар үшін жарна төлеудің тәртібі басқа.
Мына нұсқаулық-материалдардан толығырақ оқи аласыздар:
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгенде не өзгереді?»
Тест: Тегін медициналық көмек жайлы қаншалықты білесіз?
МӘМС жүйесі туралы ақпараттың дұрыс-бұрысын ажырата аласыз ба?
Емханада тегін медициналық қызмет алу туралы нені білуіміз керек?
Қазақстанның әр азаматы паллиатив көмек алу туралы не білуі керек?
Медицина қызметі қанағаттандырмағанда қайда шағымдану керек?
Балаға 18 жасқа дейін қандай медициналық көмек беріледі?
Онлайн конференция спикері туралы мағлұмат:
Тілеухан Әбілдаев 1962 жылы Жамбыл облысында туған. Еңбек жолын Алматы клиникалық ауруханасында мейіргер болып бастаған. Жамбыл жедел медициналық жәрдем ауруханасында хирург-интерн, Талас орталық аудандық ауруханасында хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігер, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы, Жамбыл облыстық туберкулезбен күрес диспансерінің бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет төлемдері комитеті департаментінің директоры, Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы бас директорының орынбасары, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып қызмет еткен. 2005-2015 жылдары Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болды.
2018-2019 жылдары «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы бойынша филиалының директоры қызметін атқарды. 2019 жылдың желтоқсанынан бері Алматы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып жұмыс істейді. 30-дан астам ғылыми еңбектің авторы.