Ел азаматтарының жалпы шығынының 44,9%-і азық-түліктің үлесінде. Бұл — нашар көрсеткіш.

Ranking.kz мамандарының хабарлауынша, мемлекет қаншалықты дамыған әрі бай болса, оның азық-түлікке жұмсайтын шығыны аз болады. Тамаққа аз шығындалатын елдер рейтингінде АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Австралия, Австрия алғашқы орындарда, бұл мемлекеттерде ішіп-жемге тұрғындар табысының 10%-і ғана кетеді.

Рейтинг

Ресейде азаматтардың жалпы шығынының 28%-і, Беларусьте 32,2%-і азық-түліктің үлесінде.

Қазақстанды бұл жағынан Ресей мен Беларусь қана емес, Уганда, Камбоджа, Гана, Гватемала, Пәкістан, Вьетнам, Гондурас сияқты елдер де артқа тастап тұр. Елімізде тұрғындар табысының жартысына жуығын тамаққа жұмсайды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі де бұл картинаны растайды. 2019 жылдың үшінші тоқсанында елдегі үй шаруашылықтарының жалпы шығыны 569,6 мың теңге болған, оның 284,3 мың теңгесі немесе 49,9%-і — азық-түлік алуға жұмсалған қаражат. Бұл көрсеткіш артып барады. Қазақстан азаматтары ет және ет өнімдеріне (35,4%), нан және жарма өнімдеріне (14,2%), сүт өнімдеріне (9,9%), жеміс-жидекке (8,5%), қант пен кондитер өнімдеріне (7,5%) көп ақша жұмсайды.

Осылайша Қазақстан халқының көбіне тапқан нақты табысын ең қажет тауар мен қызмет түріне, ең әуелі азық-түлікке жұмсауға тура келеді. Бұл халыққа қаржы жинауға мүмкіндік бермейді, — дейді Ranking.kz мамандары.