Басты бет Жаңалықтар 10,6 миллиард теңге 174 мыңнан астам зейнеткерді күтіп жатыр

10,6 миллиард теңге 174 мыңнан астам зейнеткерді күтіп жатыр

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемін дер кезінде рәсімдеу керек екенін ескертеді. Қор зейнет жасына толған және қорда зейнетақы жинағы бар 174 235 адам әлі күнге дейін зейнетақы рәсімдемегенін хабарлады.

Фото: Kursiv.kz

Осылайша талап етілмеген зейнетақы жинағының жалпы сомасы 10 миллиард 604 миллиард 764 мың 131 теңгеге жетті.

БЖЗҚ зейнет жасына толған, бірақ зейнетақы төлемін әлі алмаған азаматтарға қазақ және орыс тілдерінде SMS-хабарлама жолдайды, электрон поштасына хат жазады, тұрғылықты мекенжайына да хат жолдайды. Қор сайтында тиісті ақпарат жарияланады.

Зейнет жасына жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін рәсімдеу үшін жергілікті мекенжай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге тиіс. Өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасы, сонымен бірге банк шоты туралы мәліметі болуы керек. Банк шотына қор төлемдері мен мемлекеттік зейнетақы ай сайын бір мезгілде аударылады, — делінген хабарламада.

БЖЗҚ қорда міндетті және міндетті кәсіптік жарна есебінен құралған жинағы бар зейнет жасына толған азаматтар (ерлер — 63 жас, әйелдер биыл — 59,5 жас) мен І және ІІ топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар зейнетақы төлемін алуға құқылы екенін еске салады.

Зейнеткер қордан зейнетақы алу үшін мемлекеттік корпорацияға өтініш берген күні оның шотындағы жинақ сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспайтын болса, бұл сома оған бір рет түгел төленеді. Биыл Қазақстанда ең төмен зейнетақы көлемі — 38 636 теңге. Оның 12 еселенген мөлшері — 463 632 теңге. Шоттағы ақшаның көлемі бұл сомадан артық болып шықса, зейнетақы төлемі тек ай сайын беріледі.

Зейнет жасына жеткен таныстарыңыз бен туған-туыстарыңызға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағын тексеріп, зейнетақы төлемін рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына тұрғылықты мекенжайы бойынша тиісті құжаттарды тапсыру керек екенін хабарлаңыз, — делінген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарламасында.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version