Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның 343 азаматы Қытайда қала беруді ұйғарған

Қазақстанның 343 азаматы Қытайда қала беруді ұйғарған

Министрдің мәліметінше, 10 ақпаннан 11 ақпанға дейін Қазақстанның 217 азаматы Air Astana әуе компаниясының чартер ұшағымен Бейжіңнен Нұр-Сұлтанға жеткізілді. 12 ақпанда тағы 145 азамат Қытайдан осындай рейспен шығарылады. Қазір ҚХР аумағында Қазақстанның 497 азаматы бар, оның 337-сі — студент.

Эвакуация аяқталғаннан кейін Қытайда еліміздің 343 азаматы қалады, олар ешқайда кетпеуді ұйғарған.

Үкімет отырысында Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелмегені айтылды. Тынысалу жолдарының вирус инфекциясы симптомдары мен жоғары температурасы бар 134 адам ауруханаға жатқызылды, оның 106-сы сауығып шықты, 28-і әзірше стационарда емделіп жатыр. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.

Медицина ұйымдары тұрғылықты жері бойынша Қытайдан келген азаматтардың денсаулығын бақылап жатыр, мониторинг 24 167 адамды қамтыды, оның ішінде 1 298-і — шетел азаматы. Кейінгі 14 күн ішінде ҚХР-дан келген 8 851 адам бақылауға алынған, қалған 15 316-сы инкубация кезеңі аяқталғандықтан мониторингіден шығарылды.

Орталық референс-зертхана базасында Аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы Ұлттық биотехнология орталығымен бірге коронавирусты жедел диагностикалауға мүмкіндік беретін жүйе әзірлеген. Халықаралық ынтымақтастық аясында Ресейден 2000 зерттеуге және Қытайдан 5000 зерттеуге диагностика жүйесі сатып алынды.

Премьер-министр Асқар Мамин коронавирусқа қатысты жағдай тұрақты және Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін айтты. Ол Сыртқы істер министрлігіне Қытайдағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажет көмек беруді, Денсаулық сақтау министрлігіне дәріхана желілерінде медицина бетперделері мен вирусқа қарсы препараттар бағасының қолдан көтерілу мәселесін анықтауды тапсырды.

Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы керек, — деді Асқар Мамин.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ