Басты бетЖаңалықтарМинистр "Рухани...

Министр «Рухани жаңғырудың» жаңа жоспарының 3 бағытын атады

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткен комиссия отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бағдарламаның 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырды деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өңірлерде жобаларды сапасыз жоспарлау проблемасы бар. Нәтижесінде бастапқыда қойылған мақсат күткен нәтижеге сай келмей қалған тұстар кездесті. 2020 жылға арналған жаңа жоспар аталған проблемаларды ескере отырып жасалды. Оны Мемлекеттік хатшы бекітті, 122 бөлімнен тұрады, — деді Дәурен Абаев.

Министр жаңа жоспарда көп шара қысқартылғанын айтты.

Жоспар негізгі үш бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі — жеке даму. Екіншісі — ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым. Үшіншісі — мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Биыл құжат бойынша шаралар легі екі есе қысқарды. Осы шаралардың үштен бірі ғана форумдар мен фестивальдерден, сайыстар мен конференциялардан тұрады, — деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының брендбугы дайындала бастағанын айтты. Еске салайық, бұған дейін Ақордада ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия бағдарламаның 3 жылын қорытындылағаны хабарланған еді.