Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министр Қазақстанда жасанды интеллекті қолдану экономикаға жылына шамамен 25 миллиард доллар пайда әкелетінін айтты.
Асқар Маминнің айтуынша, жасанды интеллект әсіресе қызмет көрсету саласында тиімділікті жылына 15 миллиард долларға дейін, тау-кен өндіру саласында 9 миллиард долларға дейін арттырады.
2019 жылдың қыркүйегінде біз IT-университет аштық. Қазір оның Amazon және UNICEF секілді алдыңғы қатарлы компаниялармен және даму институттарымен ынтымақтастығы пысықталып жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығы негізінде программистерді дайындауға маманданған Qwazar компаниясымен бірге инновациялық бағдарламалау мектебін ашу жоспарланып отыр, — деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.
Премьер-министр «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында Дүниежүзілік экономикалық форумының Төртінші өнеркәсіп революциясы орталығын іске қосу үшін форуммен келісім жасалғанын айтты. Орталық осы жылдың соңына дейін іске қосылады.
Асқар Маминнің айтуынша, Қазақстанда Smart Data Ukimet жобасы аясында жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың алғашқы қадамы жасалды. Назарбаев Университетінің базасында Смарт жүйелер және жасанды интеллект институты құрылды.
Назарбаев Университетінің қолда бар әлеуеті негізінде Дүниежүзілік банкпен бірге өз зертханасы, деректерді өңдеу зерттеу орталығы және жасанды интеллекті дамыту жөніндегі ғылыми паркі бар Жасанды интеллект ұлттық кластерін құру жоспарланып отыр. Барлық салада және ірі компанияларда жасанды интеллекті енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының пікірінше, жасанды интеллект технологияларын дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін ЕАЭО аясында үйлестірілген шараларды қабылдау қажет.
Жалпы стандарттар мен ережелерді әзірлеу, дерек алмасу және интеграция саласындағы саясатты әзірлеу, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуда белсенді өзара іс-қимыл орнату маңызды, — деді ол.
Премьер-министр көлік және логистика саласында жасанды интеллекті қолдану транзит бағыттарын оңтайландыруға ықпал ететінін, кеден саласында шекарадан өту уақытын жеделдететінін, саудада көлеңкелі және контрафакт айналымын азайтатынын айтты.
Айта кетейік, Digital Almaty форумның пленум сессиясына Беларусь Премьер-министрі Сергей Румас, Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин, Молдова Премьер-министрі Ион Кику, Қырғызстан Премьер-министрінің орынбасары Жениш Разақов және Армения Премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян, ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильд, Amazon Web Services компаниясының үкіметті трансформациялау жөніндегі директоры Лиам Максвелл, 01 Edu system мектебінің негізін қалаушы Николя Садирак және Ұлыбритания Мемлекеттік цифрлық қызметінің директоры Крис Фергюсон қатысты.
Форумда ЕАЭО елдері Үкімет басшылары Digital Almaty Awards байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Жеңімпаздар «Қалаға арналған ең үздік ІТ-шешім», «Үздік стартап-жоба», Big Data — жыл компаниясы», «Мемлекеттік сектордағы үздік ІТ-жоба, ІТ-дағы жыл әйелі», «Жылдың ІT-чемпионы» номинациялары бойынша анықталды.