Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде өнеркәсіп, энергетика, әскери техника, ғарыш, су және табиғатты қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сонымен бірге Еуразия экономика одағы мен басқа да интеграция бірлестіктері аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Біз ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин негізін қалаған екі ел арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық бағытын іске асыру мақсатында ресейлік әріптестерімізбен одан әрі жұмыс істеуге ниеттіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастықты өз қызметінің негізгі принципі ретінде нақтылады, — деді Аcқар Мамин.
Ресей — Қазақстанның басты сауда серіктесі. 2019 жылдың 11 айында екіжақты тауар айналымы 17,2 миллиард долларға жетті. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың жоғары оң динамикасын қолдау үшін жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын кеңейту, біздің іскерлік орталарымыздың арасында тікелей байланыс орнату, сонымен бірге тауарларды үшінші елдердің нарығында ілгерілету бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл — маңызды жұмыс Еуразия экономикалық комиссиясы алаңында да жүргізіліп жатыр, — деді Асқар Мамин.
Қазақстанда Ресейдің ірі компанияларымен бірлескен «КАМАЗ» және «Петербург трактор зауыты» жобалары белсенді дамып жатыр. Сонымен бірге елімізде автокөліктердің жаңа үлгілерін тестілеу үшін сынақ полигоны бар инжиниринг және зерттеу орталығын құру көзделген. 2019 жылдың шілдесінде «Петербург трактор зауытымен» бірлесіп, «Кировец» тракторларының алғашқы тестілік партиясын құрастыру жүзеге асырылды.
Үкімет басшысы ретінде алғашқы сапарымды Қазақстаннан бастауымның маңызы бар. Бізді бұрыннан келе жатқан достық және әріптестік қарым-қатынастар байланыстырады. Сауда-экономика, инвестиция ынтымақтастығы қарқынды дамып, аймақтық байланыстар нығайып жатыр, — деді Михаил Мишустин.
Асқар Мамин мен Михаил Мишустин 2020 жылдың қараша айында Көкшетауда өтетін «Экологиялық ынтымақтастық» тақырыбындағы XVII аймақаралық ынтымақтастық форумына сапалы әзірленудің маңызына баса назар аударды.
Сонымен бірге кездесу барысында 2019 жылы Омбыда өткен форумда қол қойылған Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пунктілерінің жұмысы жөніндегі Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыру жұмыстарын жандандыру қажет екені айтылды.